800 костюм, 21 жүк көлігі және 100 адам: OVO Қазақстанға қалай келді?
Әлемнің 10 миллионнан астам көрермені көрген шоу Қазақстанда алғаш рет толық көлемде ұсынылмақ.
Қазақстандағы ресми премьераға санаулы сағат қалғанда әлемге әйгілі Cirque du Soleil ұжымы OVO шоуының сахна сыртындағы өмірін алғаш рет журналистерге таныстырды. БАҚ өкілдері әдетте көрерменге жабық болатын аймақтарға кіріп, репетицияларды тамашалап, қойылымның қалай дайындалатынын өз көздерімен көрді.
3 маусымда арнайы ұйымдастырылған жабық форматтағы кездесуде қонақтарға OVO шоуының ресми өкілі Жани Малле экскурсия жүргізді.
«Cirque du Soleil 1984 жылы Канадада құрылды. Сол уақыттан бері біздің басты мақсатымыз – адамдардың қиялын оятып, ерекше әсер сыйлау. Қазақстанға соңғы рет 2017 жылы келгенбіз. Биыл көрермендерге бұрын мұнда көрсетілмеген OVO қойылымын ұсынып отырмыз. Қазақстанда болғанымызға қуаныштымыз», – деді ол.

Жәндіктер әлеміндегі үлкен оқиға
OVO – жәндіктер тіршілігіне негізделген ерекше спектакль. Сахнада көбелектер, құмырсқалар, қоңыздар, өрмекшілер мен шегірткелердің әлемі жанданып, махаббат, достық, өзгеріс және үйлесім тақырыптары қозғалады.
Қойылымға қатысатын 53 әртістің әрқайсысы белгілі бір жәндіктің бейнесін сомдайды. Қазақстанға шоу құрамындағы әртістер мен техникалық мамандардан құралған 100 адамдық халықаралық команда келген.
Әуе гимнасы әрі көбелек рөлін орындайтын Артур Дудов Cirque du Soleil-ді еңбек жолындағы ең үздік жоба деп атады.
«Бұл – мен жұмыс істеген цирктердің ішіндегі ең мықтысы. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған таланттар өнер көрсетеді. OVO құрамында 25 елден келген 53 әртіс бар, олар 17 тілде сөйлейді. Біз жұбайым Эсмира екеуміз Украинаданбыз және көбелек бейнесін сомдаймыз. Көбелек еркіндік пен нәзіктіктің символы. Біз осы сезімдерді көрерменге жеткізуге тырысамыз», – деді ол.
Артурдың айтуынша, OVO шоуының басты артықшылықтарының бірі – оның әмбебаптығы.
«Бұл қойылымды түсіну үшін белгілі бір тілді білу міндетті емес. Сондықтан оны кез келген жастағы және кез келген ұлт өкілі тамашалай алады», – дейді әртіс.

Ал оның жұбайы Эсмира Кулиева өздерінің нөмірі техникалық жағынан ең күрделі қойылымдардың бірі екенін айтты.
«Біздің оқиға ең нәзік жаратылыстың да батыл әрі қайсар бола алатынын көрсетеді. Ауада орындалатын күрделі элементтер өте көп. Мен үшін ең қиын тұсы – соңғы комбинация, онда тепе-теңдікті тек бұлшықет күші арқылы сақтау керек», – деді ол.
Алып жапырақтар мен тоғыз метрлік қабырға
Экскурсия барысында журналистер қойылым декорацияларымен танысты. Сценограф Гринго Кардия жәндіктердің ұялары мен колонияларынан шабыт алған.
Спектакль барысында сахна бірде орманға, бірде үңгірге, енді бірде жұмбақ әлемге айналады.
Қойылымның басты символы – жұмыртқа. OVO сөзі португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағына береді.
«Оқиға арқасына жұмыртқа көтеріп келген көк шыбыннан басталады. Ол жаңа жәндіктер колониясына келіп, көрермендерді осы таңғажайып әлеммен таныстырады», – деді Жани Малле.

Сахнадағы ең ірі конструкцияның ені 19,5 метр, биіктігі 9 метрге жетеді. Әртістер алып қабырғаға өрмелеп шығып, оның ішінде түрлі акробатикалық трюктер орындайды. Қабырғаға 13 қозғалыстағы алып жапырақ бекітілген. Сонымен қатар қойылымда биіктігі бірнеше метр болатын гибискус гүлдері, қызғалдақтар және басқа да көлемді декорациялар пайдаланылады.
Бір қойылымға 800 костюм қолданылады
Журналистер костюмдер цехына да кіріп, жүздеген сахналық киімнің қалай дайындалатынын көрді.
Жани Малленің айтуынша, Cirque du Soleil костюмдерінің барлығы Монреальда тігіледі. Компанияның бас кеңсесінде шамамен 200 маман тек костюм әзірлеумен айналысады.
«Әр костюм нақты бір әртіске арналып жасалады. Әуе гимнастарының, акробаттардың және клоундардың киімдері сыртқы келбетімен ғана емес, құрылымымен де ерекшеленеді», – деді ол.
Бір ғана көрсетілім барысында шамамен 800 костюм элементі пайдаланылады. Егер күніне үш қойылым өтсе, мамандар 2400-ге жуық костюм элементін дайындауға мәжбүр болады.

Шоумен бірге кір жуғыш машиналар да саяхаттайды
OVO шоуының ауқымы логистикадан да байқалады. Барлық жабдықты тасымалдау үшін 21 жүк көлігі немесе екі жүк ұшағы қажет.
Команда өзімен бірге бес кір жуғыш машина мен үш кептіргіш алып жүреді. Астанадағы премьераға дайындық кезінде 60 рет кір жуылған. Әр қойылымнан кейін тағы 12–15 жуу циклі жүргізіледі.
Жәндіктердің дыбысы музыкаға айналған
Қонақтарға қойылым музыкасының жасалу тарихы да таныстырылды.
Композитор Берна Сеппас босса-нова, самба, фанк және электронды музыканы үйлестіріп, ерекше музыкалық әлем құрған. Ол тіпті шынайы жәндіктердің дыбыстарын жазып алып, партитураға енгізген.
Әр кейіпкердің өзіне тән музыкалық тақырыбы мен аспаптық бояуы бар. Қойылым барысында жеті музыкант пен бір вокалист өнер көрсетеді.
Музыка спектакльдегі әрекетке бейімделіп отыратындықтан, музыканттар мен дыбыс режиссерлері бүкіл шоу бойы үздіксіз байланыста болады.
10 миллионнан астам көрермен тамашалаған шоу
OVO – Cirque du Soleil-дің ең танымал жобаларының бірі. Оны әлем бойынша 10 миллионнан астам адам көрген.
Қазақстандағы көрсетілімдер 4–7 маусым аралығында Астанадағы Barys Arena кешенінде өтеді. Кейін шоу алғаш рет Алматыға барып, 11–14 маусым күндері Almaty Arena сахнасында қойылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстан бойынша барлығы 14 қойылым жоспарланған. Оларды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде.