545

Мемлекеттік рәміздер күні: Қазақстанның басты нышандары қалай пайда болды?

Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні тойлануда.

Мемлекеттік рәміздер күні: Қазақстанның басты нышандары қалай пайда болды?
ЖИ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Бұл мереке еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айқындайтын басты нышандарға құрмет көрсету мақсатында белгіленген.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған. Осы заңға сәйкес жыл сайын дәл осы күні Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз елдің егемендігі мен тұтастығын білдіретін маңызды белгілер. Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн жатады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстанның Мемлекеттік Туы – көгілдір түсті тікбұрышты мата. Оның ортасында шұғылалы күн бейнеленсе, күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс орналасқан. Тудың сабы жағында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде бедерленген. Күн, оның сәулелері, қыран құс пен ұлттық өрнек алтын түспен бейнеленген.

Мемлекеттік Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінде жасалған. Оның ортасында көгілдір фонда шаңырақ бейнеленіп, одан күн сәулесіндей таралған уықтар көрініс тапқан. Елтаңбаның екі жағында аңыздағы қанатты пырақтар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Qazaqstan» жазуы бейнеленген.

Елтаңбадағы барлық негізгі элементтер алтын түсте орындалған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Қазақстанның қазіргі Мемлекеттік Гимні бұрын халық арасында кеңінен танылған «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде қабылданды. Ол 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламенттің шешімімен ресми түрде бекітілді.

Гимн алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімінде орындалды.

Музыкасының авторы – Шәмші Қалдаяқов. Ән сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған.

Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің басты нышандары ретінде ел азаматтарын ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп келеді.

Материал авторы