608

Ыстықкөлдегі жанжал: қазақстандық турист көлігінің дөңгелегін тұрғындар әдейі босатқанын айтты

Турист белгісіз адамдар көлігінің дөңгелектерін босатып, мемлекеттік нөмірлерін жұлып алмақ болғанын айтты.

Ыстықкөлдегі жанжал: қазақстандық турист көлігінің дөңгелегін тұрғындар әдейі босатқанын айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ыстықкөлде демалып жүрген қазақстандық турист әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, белгісіз адамдар оның көлігіне қасақана зиян келтіргенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, өзі көлігінен аз уақытқа ғана кеткен. Қайтып келген кезде жол талғамайтын көліктің екі дөңгелегінің де ауасы шығарылып тұрғанын көрген. Сондай-ақ әлдекімдер мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жұлып алуға әрекет жасағанын, бірақ өзі дер кезінде келіп қалғандықтан бұл ойлары жүзеге аспағанын айтты.

Бейнежазбада қазақстандық азамат күдіктілерден болған жайтты ашық мойындауды сұрап, мәселені «азаматша шешуге» шақырады.

«Егер дөңгелектерді сен босатқан болсаң, мойында. Ер азаматтың сөзімен айтайын, бәрін кешіремін», – дейді ол видеода.

Алайда дау барысында қатысушылардың бірі көліктің жанынан жай ғана өтіп бара жатқанын айтса, тағы бірі туристке уақыт жоғалтпай, дөңгелектерін қайта үрлеп алуға кеңес берген.

Қазақстандық азамат болса, өз әрекетін ақтап алудың орнына шындықты айтатын адамдарды көргісі келетінін жеткізді.

Жергілікті тұрғындар өздеріне тағылған айыптарды қабылдамай, ешқандай қатыстары жоқ екенін қайталаған. Соған қарамастан турист полиция қызметкерлерін күтуге шешім қабылдаған.

Қырғызстан құқық қорғау органдарының мәліметінше, 28 мамыр күні Тон аудандық ішкі істер бөліміне 112 қызметі арқылы хабарлама түскен. Онда Ақ-Сай ауылында шетелдік азаматтың көлігінің дөңгелектерінің ауасы шығарылғаны айтылған.

Аталған дерек аудандық полицияның ақпараттық есебіне тіркеліп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру басталды.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық туристер жиі баратын Ыстықкөлдегі ойын-сауық парктерінің бірін бұзу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор