Ким Чен Ын ядролық қаруды ел дамуының басты кепілі деп атады
Солтүстік Корея ядролық қару өндірісін ұлғайтпақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің ядролық қару өндірісін одан әрі арттыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам қарсыластармен жалғасып жатқан текетірес жағдайында қажет.
Солтүстік Корея мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ким Чен Ын ядролық материалдар өндіретін жаңа зауытқа барып, саланың алдағы міндеттері туралы мәлімдеме жасаған.
КХДР көшбасшысы Еңбек партиясының IX съезінде ядролық материалдар өндірісін ұлғайту жөнінде стратегиялық шешім қабылданғанын еске салды. Оның сөзінше, бұл шешім республиканың ядролық күштерінің болашақтағы қажеттіліктерін қамтамасыз ету және ядролық қару санын үздіксіз көбейту мақсатында қабылданған.
Ким Чен Ын қазіргі халықаралық жағдай мен қауіпсіздікке төнетін қатерлердің өзгеруіне байланысты ядролық тежеу күштерін күшейтудің маңызы артып отырғанын айтты.
«Еліміздің қауіпсіздігін, ұлттық мүдделерін және даму құқығын сенімді қамтамасыз етудің негізгі кепілі – ядролық тежеу күштері», – деді ол.
Сондай-ақ Солтүстік Корея жетекшісі ядролық әлеуетті сапалық әрі сандық тұрғыдан үздіксіз күшейту міндеті бұрынғыдан да өзекті бола түскенін атап өтті.
Пхеньянның бұл мәлімдемесі өңірдегі қауіпсіздік мәселелері мен ядролық бағдарламаға қатысты халықаралық алаңдаушылық сақталып отырған кезеңде жарияланды.
Материал авторы