618

Маңғыстауда жүк көлігінің жүргізушісі апаттың алдын алу үшін жартасқа соғылды

Тежегіші істен шыққан КамАЗ жүргізушісі адам шығынының алдын алды.

Маңғыстауда жүк көлігінің жүргізушісі апаттың алдын алу үшін жартасқа соғылды
instagram.com/112_aktau

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында жол апатына ұшыраған КамАЗ жүк көлігінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан жүк көлігінің жартасты беткейге соғылғанын көруге болады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 3 маусым күні Шетпе – Бейнеу автожолында болған. Жол-көлік оқиғасына тіркемесі бар КамАЗ жүк көлігі қатысқан.

Тергеу барысында көлік қозғалыс кезінде тежегіш жүйесінің істен шыққаны анықталған. Қауіпті жағдайды байқаған жүргізуші басқа көліктермен соқтығысуды болдырмау үшін арнайы апаттық съезге бұрылған.

Нәтижесінде жүк көлігі қауіпсіздік үшін қарастырылған учаскеге шығып, жартасты беткейге соғылып тоқтаған. Бұл шешім қарқынды қозғалыс жүріп жатқан жолда ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік берген.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Полиция аталған факі бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Аталған бап жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан көлік құралдарына немесе өзге мүлікке зиян келтіру жағдайларын қарастырады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор