783

4 бургер үшін 200 мың теңге: Бурабайдағы бағалар жұрттың жағасын ұстатты (ВИДЕО)

Көпшілік мұндай қаржыға шетелде демалған тиімдірек екенін айтып жатыр.

4 бургер үшін 200 мың теңге: Бурабайдағы бағалар жұрттың жағасын ұстатты (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, халық арасында Бурабайдағы мейрамханалардың біріндегі бағалар қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде төрт қыздың түскі асқа төлеген чегі жарияланып, көпшіліктің таңданысын тудырды.

Желіде тараған мәліметке сәйкес, қыздар компаниясы түскі асқа барып, жалпы 199 045 теңге төлеген. Чектегі тапсырыстар арасында қымбат деликатестер немесе элиталық сусындар болмаған. Негізінен бургерлер, жеңіл тағамдар мен сусындар алынған.

Пікір білдірушілердің айтуынша, мұндай мәзір көптеген қоғамдық тамақтану орындарында шамамен 20 мың теңге көлемінде ғана шығуы мүмкін. Алайда Бурабайдағы мейрамхананың мәртебесі соңғы соманы бірнеше есе өсірген.

Жарияланымнан кейін әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Көпшілігі ішкі туризм бағасының шарықтап кеткенін айтып, шетелде демалу әлдеқайда тиімді екенін жазған.

Кейбір пікірлерде мұндай қаржыға Түркияға немесе Вьетнамға сапар жоспарлауға болатыны айтылса, енді біреулері әзілмен «Бурабайға жетпеген ақшаға шетелде демалып жүрміз» деген сарындағы пікірлер қалдырған.

Сонымен қатар оқиғаға басқаша қарайтындар да табылды. Олардың пікірінше, әрбір мейрамхана баға саясатын өз бетінше белгілейді, ал келушілердің балама орын таңдауға мүмкіндігі бар. Кейбір қолданушылар мұндай мекемелердің негізінен шетелдік туристерге бағытталғанын да атап өтті.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстандағы туристік аймақтардағы қызмет көрсету бағасы мен оның қолжетімділігі мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор