«Нәжіс жегізген»: Қарағандыда асырап алған 6 баланы азаптаған отбасы сотталды
Айыпталушылардың қызы да кәмелетке толмаған балаларға күш көрсеткені үшін жауапқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда патронаттық тәрбиеге алынған алты балаға қатысты қатыгездік жасаған отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ерлі-зайыпты мен олардың қызын кінәлі деп таныды.
Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы ерлі-зайыпты ата-ана қамқорлығынсыз қалған алты баланы патронаттық тәрбиеге алған. Алайда 2018 жылдан 2023 жылға дейін олар балаларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық қысым көрсеткен.
Тергеу деректеріне қарағанда, жәбірленушілердің бірі ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға түскен. Сонымен қатар патронат тәрбиешісі балаларды асырауға мемлекеттен бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсап, құмар ойындарға бәс тіккен. Соның салдарынан мемлекетке 6,2 миллион теңгеден астам шығын келген.
Сот барысында отбасының кәмелетке толмаған қызы да жауапқа тартылды. Іс материалдары бойынша, ол ата-анасының әрекетін қайталап, олардың үнсіз келісімімен бес балаға түрлі заттармен дене жарақатын салған және психологиялық қысым көрсеткен.
Айыпталушылардың кінәсі жәбірленуші балалардың, куәгерлердің жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.
Сот ер адамды 12 жылға, әйелін 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал олардың қызы 4 жыл 8 ай мерзімге сотталды.
Сонымен қатар сот шешімімен ерлі-зайыптыдан әрбір жәбірленуші баланың пайдасына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндірілетін болды. Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген 6 264 256 теңге шығын ер адамнан өндіріп алынбақ.
Сот Қарқаралы аудандық білім бөлігінің атына жеке қаулы шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұл іс туралы алғаш рет өткен жылы белгілі болған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, қамқорлыққа алынған балалар бірнеше жыл бойы қорлық көрген. Алайда сот құжаттарында дәлелденген фактілер ретінде жүйелі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдалану әрекеттері көрсетілген.
Материал авторы