1462

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде мерзімінен бұрын жеңіске жетті

Отандасымыз Бибісара Асаубаева әлемнің үздіктерін артта қалдырып, топ жарды.

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде мерзімінен бұрын жеңіске жетті
instagram.com/bibisarachess

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы Norway Chess турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Жарыстың тоғызыншы турында Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесіп, негізгі партияны тең нәтижемен аяқтады. Кейін қарсыластар армагеддон форматында жеңімпазды анықтауға тырысқанымен, қазақстандық спортшы жинаған ұпайы арқылы турнирдің аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпиондықты өзіне қамтамасыз етті.

Қорытынды тур қарсаңында Бибісараның еншісінде 16,5 ұпай бар. Екінші орында келе жатқан Анна Музычук 11,5 ұпай жинаған. Ал үндістандық Дивья Дешмух пен қытайлық Чжу Цзиньэр 10 ұпаймен үздік үштіктен кейін орналасқан.

Осылайша, соңғы турдың нәтижесіне қарамастан, Асаубаеваны ешбір қарсыласы қуып жете алмайды. Бұл оған әлемдегі ең беделді шахмат турнирлерінің бірі саналатын Norway Chess додасының жеңімпазы атануға мүмкіндік берді.

Енді қазақстандық шахматшы соңғы ойынын турнир чемпионы мәртебесінде өткізеді.

Материал авторы