Атышулы кісі өлімінен кейін Ұлыбритания премьері Илон Маскты айыптады
Генри Новактың өліміне қатысты талқылау Ұлыбританияда саяси дауға ұласты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер америкалық кәсіпкер Илон Маскты елдің ішкі саясатына араласты және қоғамдағы алауыздықты күшейтуге тырысты деп айыптады.
Бұл мәлімдеме 18 жастағы студент Генри Новактың өліміне қатысты істің әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан тұсында жасалды.
Ұлыбритания үкіметі басшысының айтуынша, қоғам сабыр сақтап, елді екіге жаруға бағытталған әрекеттерге ермеуі тиіс. Стармер бұған дейін Новактың отбасымен Даунинг-стриттегі резиденциясында кездесіп, істің әділ тергелуіне күш салатынын мәлімдеген.
Сонымен қатар премьер-министр Джес Асатоның xAI компаниясына қарсы берген шағымын қолдады. Депутаттың сөзінше, Grok жасанды интеллект құралы оның қатысуымен жалған интимдік сипаттағы фото және бейнематериалдар жасау үшін пайдаланылған.
Стармер мұндай контентті «жиіркенішті» деп атап, осындай материалдардың таралуына жол бермейтін платформаларға қатысты қатаң шаралар қабылдануы мүмкін екенін ескертті.
Премьер-министр соңғы күндері Масктың британ саясатындағы пікірталастарға жиі араласып, қоғамдық қайшылықтарды ушықтыруға тырысып жүргенін айтты. Оның пікірінше, мұндай әрекеттер Ұлыбритания қоғамының құндылықтарына сәйкес келмейді.
Бұған дейін Маск Генри Новактың өліміне қатысты пікір білдіріп, бұл іс елдегі ақ нәсілді тұрғындарға қатысты көзқарастың әділетсіз екенін көрсетеді деп мәлімдеген болатын. Алайда британ билігі мұндай жарияланымдар қоғамдағы шиеленісті күшейтуі мүмкін деп есептейді.
Материал авторы