1399

Түркістанда жұмыстан қуылған мұғалім сот ғимаратында өзіне пышақ сұқты

Бес ай бойы жұмыссыз жүрген педагог соттан әділдік сұрады.

Түркістанда жұмыстан қуылған мұғалім сот ғимаратында өзіне пышақ сұқты
HALYQSTAN

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында жұмыстан босатылған педагог сот ғимаратында өзіне пышақ жарақатын салды. Оқиға Ордабасы аудандық сотында әкімшілік қамау туралы шешім жарияланғаннан кейін болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен азамат – 24 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім Х. Ерімбетов. Ол 2026 жылдың қаңтарында М.Х. Дулати атындағы мектеп әкімшілігінің шешімімен Еңбек кодексінің 52-бабы негізінде қызметінен босатылған.

Педагог бұл шешіммен келіспей, Түркістан облысының еңбек инспекциясына шағым түсірген. Тексеру нәтижесінде жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтар анықталып, мұғалімді бұрынғы қызметіне қайта алу жөнінде екі рет нұсқама берілген. Алайда мектеп әкімшілігі бұл талаптарды орындамаған.

Осыдан кейін ұстаз сотқа жүгінген. Алайда еңбек дауына қатысты іс шамамен бес ай бойы қаралған. Осы кезеңде алты баланың әкесі жұмыссыз қалып, банк шоттарының бұғатталғаны айтылды.

Басылым мәліметінше, 28 мамырдағы сот отырысында педагог істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен. Ал 3 маусымда сот оны сот талаптарын орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.

Үкім жарияланғаннан кейін ер адам өзіне пышақ жарақатын салған. Қазір ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Оқиға орнында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осыдан кейін қоғам белсенділері Мемлекет басшысына үндеу жолдап, мұғалімнің ісіне әділ баға беруді және оның құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуді сұрады.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор