1521

«Кінәліні іздегім келмейді»: Бетон араластырғыш астында қалған баланың анасы жүргізушіні айыптамауға шақырды

Қайғылы жағдайдан кейін жүргізуші мен оның отбасы марқұм баланың жақындарына арнайы барған.

«Кінәліні іздегім келмейді»: Бетон араластырғыш астында қалған баланың анасы жүргізушіні айыптамауға шақырды
НПК | Народная партия Казахстана НПК | Народная партия Казахстана

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бетон араластырғыш көліктің астында қалып қаза тапқан 11 жастағы Глебтің анасы Лилия Бадртдинова жүргізушіні кешіргенін және болған жағдай үшін ешкімді кінәлағысы келмейтінін айтты.

Ол бұл туралы берген сұхбатында айтып, қазір кінәліні іздеудің де, біреуге өкпе артудың да мәні жоқ екенін жеткізді.

«Қазір кінәліні іздейтін уақыт емес. Жүрегім балама деген махаббатқа толы. Сондықтан ішімде өшпенділік те, реніш те жоқ. Меніңше, жүргізуші шын мәнінде кінәлі емес», – деді ол.

Әйелдің сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін жүргізуші өз отбасымен бірге көңіл айтуға келген.

«Біз ол кісімен кездестік. Ол бізге бүкіл отбасымен келді. Барлығы бізбен бірге жылады, болған жағдайға қатты өкінетіндерін айтты», – деді Глебтің анасы.

Лилия Бадртдинова жүргізушінің туыстарының да ауыр қайғыны бастан кешіп жатқанын атап өтті.

«Маған оның анасы үшін де ауыр. Бұл тек бізге ғана емес, олардың отбасына да үлкен қасірет. Адам өмірін қию оңай емес. Қасақана болды ма, жоқ па, бәрібір бұл да үлкен ауыртпалық. Сондықтан олардың отбасы да қатты қиналып отыр», – деді ол.

Марқұм баланың анасы ешкімді айыптағысы келмейтінін тағы бір мәрте қайталап, жұртшылықтан басқа өтініш айтты.

«Мен адамдардың оны жақсы сөзбен еске алғанын қалаймын. Ол үшін дұға жасап, жарқын бейнесін ұмытпаса екен деймін. Сонда оның мәңгілік естелігі де жарық болып қалады», – деді ол.

Еске салайық, 26 мамыр күні Астанада бетон араластырғыш көлік велосипедпен келе жатқан 11 жастағы Глебті қағып кеткен. Оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Полиция мәліметінше, Mercedes жүк көлігінің жүргізушісі оңға бұрылу кезінде жолды кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған велосипедшіні байқамай қалған. Қайғылы оқиғадан кейін баланың анасы әлеуметтік желіде үндеу жасап, жүргізушіні айыптамауға шақырған болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор