«Мектепте жұмыс істейді»: Арыста мас жүргізуші төрт адамның өмірін жалмады
Оқиғаның кесірінен екі бала мен жүкті әйел қаза тапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Арыс қаласында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам қаза тапты. Құрбандардың екеуі – кәмелетке толмаған балалар. Көлікті мас күйде басқарған әйел ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылған. Сол сәтте қоршау маңындағы орындықта бірнеше адам отырған.
Көлік адамдарды қағып кеткеннен кейін оқиға орнында төрт адам көз жұмды. Қаза тапқандар арасында екі кішкентай бала мен жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйел бар екені хабарланды.
Тағы екі адам ауыр жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Бастапқы деректерге сәйкес, рөлде 52 жастағы жергілікті тұрғын болған. Кей мәліметтерде оның мектептердің бірінде жұмыс істейтіні, сондай-ақ бос уақытында жолаушы тасымалдаумен айналысқаны айтылған.
Медициналық сараптама әйелдің жол апаты кезінде алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Материал авторы