906

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу қиындай түсті

Зейнетақы жинағын алуға қойылатын талап неге күшейді? Еңбек министрлігі түсіндірді.

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу қиындай түсті
ЖИ иллюстрациясы / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтаудың жаңа әдістемесі бекітілді. Соның нәтижесінде шекті көрсеткіштер айтарлықтай өсіп, кейбір жас санаттары бойынша екі есеге жуықтады.

Жаңа тәсіл салымшылардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын, ең төменгі зейнетақы мөлшерін, болашақ төлемдерді, жинақтардың болжамды табыстылығын және аударым көлемін ескереді.

Өзгерістерден кейін 20 жастағы азамат үшін зейнетақы шотында қалуы тиіс ең төменгі сома 3,72 миллион теңгеден 6,67 миллион теңгеге дейін көтерілді. Бұл – 79,3 пайыздық өсім.

30 жастағы азаматтар үшін шек 9,75 миллион теңгеге дейін жетіп, 90,43 пайызға артты. Ал 40 жастағылар үшін көрсеткіш 13,37 миллион теңгені құрап, 98,96 пайызға өсті.

50 жастағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 17,59 миллион теңгеге дейін көтерілді. Бұл бұрынғы деңгейден 105,25 пайызға жоғары.

Ең үлкен өсім 62 жастағы азаматтар арасында тіркелді. Бұл санаттағы салымшылар үшін ең төменгі шек 23,57 миллион теңге болып белгіленді. Көрсеткіш бірден 120,28 пайызға ұлғайған.

Демек, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге қаражат пайдалану үшін азаматтардың зейнетақы шотында осы сомадан кем емес қаражат қалуы қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай өзгерістердің мақсаты азаматтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов болса, жаңа талаптар мемлекетке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты сақтауға және азаматтарды тұрақты зейнетақы жарналарын аударуға ынталандыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Материал авторы