«Ұрып, шашымды алып тастады»: Қазақстанда қылмыстық іс қозғалған әйел көмек сұрады
Бұрынғы күйеуінен зәбір көріп, баласынан айырылғанын айтқан әйелдің өзі күдікке ілінді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы серіктесі өзін күштеп ұстап, соққыға жыққанын мәлімдеген Ресей азаматы Анастасияның оқиғасы күтпеген бағытта өрбіді. Ресейлік Telegram-арналардың мәліметінше, Қазақстанда әйелдің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ақпаратқа сәйкес, Анастасия жалған ақпарат берген деген күдікке ілінген.
Бұған дейін әйел бұрынғы сүйіктісі Рустам өзін еркінен тыс ұстап, ұрып-соғып, шашын тақырлап алып, ортақ баласын алып кетуге мүмкіндік бермегенін айтқан еді.
Анастасияның арызынан кейін Қазақстан полициясы қылмыстық іс қозғаған. Алайда тергеу барысында оның айтқан айыптауларын растайтын дәлелдер табылмағандықтан, іс тоқтатылған. Осыдан кейін құқық қорғау органдары әйелдің өзіне қатысты жаңа іс қозғағаны белгілі болды.
Ер адамның туыстары бұл жанжалдың қос жұптың айырылысуынан кейін басталғанын айтады. Олардың сөзінше, Анастасия мен Рустам 16 жасынан бастап қарым-қатынаста болған, ортақ баласын тәрбиелеп, Ресей мен Қазақстан арасында өмір сүрген.
Анастасия бұған дейін әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, сәуір айының басында баласымен бірге Алматыға келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, ұлы әкесімен кездесуі үшін келген сапардың соңғы күні жанжал туындаған.
Әйелдің сөзінше, ер адам оның телефонын тексеріп, хат-хабарларын оқығаннан кейін дау шыққан.
«Ол мені анасы мен әпкесінің көзінше аяусыз соққыға жықты. Жұрттың алдында мені өлтіретінін айтты. Сондай-ақ шашымды тақырлап алып тастады», – деген болатын Анастасия.
Сондай-ақ ол өзін шамамен 10 күн бойы ұстап отырғанын, кейін баланы әкесінің жанында қалдыру және полицияға жүгінбеу шартымен босатқанын айтқан.
Бұл даумен қатар Ресейде баланың кіммен қалатынына қатысты сот процесі де жалғасып жатыр. Мамыр айында Новосібір аудандық соты Анастасияның пайдасына шешім шығарып, негізгі сот аяқталғанға дейін баланың анасымен бірге болуы тиіс деген атқарушылық парақ берген.
Құжат Алматыға жолданған. Алайда мәліметтерге қарағанда, бала әлі күнге дейін Қазақстанда әкесінің жанында қалып отыр.
Баланың әкесі Ресей сотының шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Ол шағымында сот отырысы туралы хабарлама алмағанын көрсеткен. Сонымен қатар Қазақстандағы сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйеніп, баланың өзімен қалғысы келетінін алға тартқан.
Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті әйелдің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және барлық мән-жай мұқият тексерілетінін хабарлаған еді.
Материал авторы