Демалуға барып Таиландта ауыр халге түскен қазақстандық қайтыс болды
Бірнеше ай өмір үшін күрескен Алексей Вивтоненко көз жұмды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бірнеше ай бойы өмір үшін күрескен қазақстандық Алексей Вивтоненко қайтыс болды. Оның қазасы туралы ақпарат 8 маусым күні белгілі болды. Бұл туралы Наша Газета жазды.
36 жастағы азаматтың тағдыры биыл көктемде қоғам назарын аударған еді. Ол 2026 жылдың ақпан айында Таиландтың Пхукет аралында демалыста жүрген кезде шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап, жедел панкреатит пен ұйқыбез тіндерінің 30 пайыздан астамының зақымдануын анықтаған. Сонымен қатар науқаста тыныс алу және бүйрек жеткіліксіздігі тіркелген.
Кейін оның жағдайы одан әрі күрделеніп, сепсис, екі жақты өкпе қабынуы және бүйректің жедел зақымдануы диагноздары қойылды.
Емдеу барысында Алексей бірнеше операцияны бастан өткерді. Ол жасанды комаға түсіріліп, ұзақ уақыт оңалту курсынан өткен. Бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатқан.
Қазақстандықтың оқиғасы қоғамда кең резонанс туғызды. Мыңдаған адам оның денсаулығына алаңдап, отбасына қолдау білдірді. Қымбат ем мен медициналық эвакуацияға қаражат жинау үшін арнайы көмек науқаны ұйымдастырылған болатын.
Госпитализациядан кейін шамамен бір ай өткен соң Алекейді Қазақстанға жеткізу мүмкін болды. Ол 18 сәуірде еліне оралып, емін отандық дәрігерлердің бақылауымен жалғастырған.
Алайда Таиланд пен Қазақстан дәрігерлерінің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Марқұмның жақындары соңғы айларда қолдау көрсетіп, оның сауығып кетуіне үміт артқан барлық азаматқа алғыс айтты.
Материал авторы