«Оң көзім көрмей қалды»: Жалғас Жұмағұлов даулы жекпе-жектен кейін мәлімдеме жасады
Жұмағұлов Севериноға қарсы кездесуден кейін көру қабілетінен айырылғанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, файтер Жалғас Жұмағұлов бразилиялық Игор Севериномен өткен даулы кездесуден кейін денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жекпе-жек барысында қарсыласының қауіпті әрі спорттық қағидаларға қайшы әрекеттерге барғанын айтты.
Жұмағұловтың сөзінше, мансабында түрлі қарсыластармен кездескенімен, мұндай жағдайға алғаш рет тап болған.
«Мен мұны ақталу үшін айтып отырған жоқпын. Ұйымдастырушылар болған жағдайға назар аударып, болашақта бұл спортшының қарсыластарының қауіпсіздігін ойлауы керек. Мұндай әрекеттер елеусіз қалса, бір күні ауыр жарақатқа немесе мүгедектікке алып келуі мүмкін», – деді ол.
Қазақстандық файтердің айтуынша, бірінші раундта қарсыласының қауіпті болатынын алдын ала білген. Алайда оның жағдайына нокдаун емес, көзге тиген соққы себеп болған.
«Қарсыласым саусағымен көзіме тиіп кетті. Сол сәттен кейін көзім қосарланып көре бастады. Торға қарай шегінуге мәжбүр болдым және жекпе-жекті тек мінез бен инстинкттің арқасында жалғастырдым», – деп жазды Жұмағұлов.
Сондай-ақ ол денсаулық жағдайының ауыр болғанын айтып, этикалық себептермен кейбір медициналық белгілерді растайтын фотоларды жарияламағанын жеткізді.
Ең алаңдатарлық мәлімдеме көз жарақатына қатысты болды.
«Қазіргі таңда оң көзіммен көрмеймін. Бұл уақытша ма, әлде тұрақты жағдай ма – оны алдағы тексерулер көрсетеді. Бірақ дәл қазір оң көзімнің көру қабілетін жоғалттым», – деді қазақстандық спортшы.
Еске салайық, Жұмағұлов пен Северино арасындағы жеңіл салмақтағы чемпиондық жекпе-жек Oktagon 89 турнирі аясында өткен болатын. Кездесу екінші раундта тоқтатылып, нәтижесі есепке алынбады. Төреші бразилиялық спортшының тыйым салынған соққысынан кейін жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған.
Материал авторы