Қырғызстанның бұрынғы министрі АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр (ВИДЕО)
Бұрынғы министрдің қарапайым жұмыс істеп жүргені жұрт назарын аударды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның бұрынғы Еңбек және әлеуметтік даму министрі, экс-депутат Улукбек Кочкоров АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүргені туралы видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Кадрларда саясаткердің көлігінің жүксалғышына сәлемдемелер тиеп жатқан сәті бейнеленген. Желі қолданушыларының жазуынша, ол Amazon компаниясында жеткізу қызметімен айналысады.
Видео жарияланғаннан кейін пікірлер екіге бөлінді. Көпшілік бұрынғы шенеуніктің адал еңбек етіп жүргенін қолдап, кез келген жұмыстың қадірлі екенін айтты. Ал кейбір қолданушылар оның мемлекеттік қызметтегі кезеңін еске алып, тағдырдың тосын бұрылысына назар аударды.
Улукбек Кочкоров Қырғызстан парламентінің V шақырылым депутаты болған. Ол «Ата-Жұрт» партиясынан сайланып, 2017 жылғы президент сайлауына да қатысқан. Кейін 2018 жылы Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму министрі қызметіне тағайындалды.
2020 жылы ол парламент сайлауына «Биримдик» партиясы атынан қатысқан. Алайда сол жылғы саяси өзгерістерден кейін, елде билік ауысқан тұста қызметінен босатылды. Кейін саясаткер жұмыстан алынғанын интернеттен білгенін мәлімдеген еді.
БАҚ мәліметінше, соңғы бірнеше жылда Улукбек Кочкоров отбасымен бірге Чикаго қаласында тұрып келеді. Ол қоғамдық-саяси кеңістікте сирек көрінеді және АҚШ-қа қоныс аударуы мен қазіргі жұмысы туралы ашық пікір білдірмейді.
Материал авторы