614

«Күн батыстан шыққанда»: Қазақстанда жаңа мистикалық триллер прокатқа шығады

11 маусымда жаңа отандық фильмнің тұсауы кесілмек.

«Күн батыстан шыққанда»: Қазақстанда жаңа мистикалық триллер прокатқа шығады
LS Production

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық режиссер Олжас Ибраев түсірген «Күн батыстан шыққанда» мистикалық триллері 11 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіледі. Отандық туынды көрерменге қорқыныш элементтері мен әлеуметтік драманы ұштастырған ерекше оқиға ұсынбақ.

Фильм оқиғасы Қазақстандағы шағын қалалардың бірінде өрбиді. Тылсым әрі түсініксіз жайттар бірінен соң бірі орын ала бастайды: ер адам өз отбасын өлтіреді, қасиетті орынға құрметсіздік танытқан жасөспірімдер із-түзсіз жоғалады, ал тұрғындар қорқынышты құбылыстарға тап болады.

Оқиғаның мән-жайын анықтауға полиция қызметкері Аман мен адвокат Лина кіріседі. Тергеу оларды мыңдаған адам сенетін жұмбақ емші Ишамға алып келеді. Алайда уақыт өте келе мәселенің жай ғана қылмысқа қатысты емес екені белгілі болады. Әлемнің өзі өзгеріп жатқандай көрінеді: күн батыстан шыға бастайды, шындық пен қорқынышты түстің арасы жойылып, әр адамның өткендегі қателіктері алдынан шығады.

Туындының негізгі идеясы – адамның өз әрекеті үшін жауапкершілігі. Авторлар кінә, тәубеге келу, сенім мен күмән, моральдық таңдау секілді тақырыптарды көтереді. Картинада криминалдық желі мен мистикалық элементтер қатар өріліп, оқиға өрбіген сайын психологиялық қысым күшейе түседі.

Басты рөлдерді Олжас Тоғымбет, Салтанат Құдайберген, Рузия Әбілдә, Абылай Сәлімханов және басқа актерлер сомдаған.

Режиссер Олжас Ибраевтың айтуынша, фильмнің негізгі өзегі қорқынышты құбыжықтар емес, адамның өзі жасаған таңдауы.

«Бұл фильм құбыжықтар туралы емес. Бұл – адамды құбыжыққа айналдыратын таңдау туралы оқиға», – дейді режиссер.

«Күн батыстан шыққанда» фильмі кинотеатрлардан бөлек фестивальдер мен стримингтік платформаларда да көрсетіледі деп жоспарланып отыр.