Астанадағы Назарбаев мектебінің оқушысы тоғызыншы қабаттан секірмек болды
Ата-анасының айтуынша, оқушы бірнеше жыл бойы сыныптастарының шеттетуіне ұшыраған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысына қатысты жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызды. Ата-анасының айтуынша, жасөспірім бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан жасырын буллингке ұшырап, соның салдарынан ауыр психологиялық күйзеліске түскен. Тіпті бір сәтте ол өзіне қол жұмсауға әрекеттенбек болған. Алайда отбасы мектеп әкімшілігі мен жауапты органдар жағдайға дер кезінде назар аудармады деп есептейді. Бұл туралы Time.kz сайты жазды.
Оқушының анасы Айжанның (аты өзгертілген) сөзінше, ұлы Назарбаев Зияткерлік мектебіне грантпен түсіп, жақсы оқыған, сынып старостасы болған. Бірақ жетінші сыныптан бастап түрлі жағымсыз оқиғалар орын ала бастаған. Бірде сыныптастары орындықты тартып алып, бала жарақат алса, тағы бір жағдайда дене шынықтыру сабағында сүрініп құлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Анасының айтуынша, бұл жайттар мектеп тарапынан тиісті деңгейде қаралмаған.
Сегізінші сыныпта жағдай күрт өзгерген. Жасөспірім тұйықталып, ашушаң бола бастаған және айналасымен қарым-қатынастан қашқақтаған. Оның сөзінше, ашық жанжалдар мен қорлау болмағанымен, сыныптастары оны біртіндеп ортадан шеттеткен.
Отбасы жеке психологтардың көмегіне жүгінген. Мамандар дәл сол кезде баланың буллингке ұшырағанын айтқан. Анасының сөзінше, ұлы мектеп асханасында көбіне жалғыз отырып тамақтанған, ал қатарластары оның қасына отырмауға тырысқан.
Биыл ақпанда мамандар дабыл қаққан. Психологтар ата-анасына жасөспірімде суицидтік қауіптің жоғары екенін хабарлаған. Бала өмірден кету туралы ойларын жазып, өзіне зиян келтіру белгілерін көрсеткен. Кейін психиатр оған антидепрессанттар тағайындаған.
Отбасы мектептен көмек сұрағанын айтады. Алайда олардың мәліметінше, оқушының ауыр психологиялық жағдайы туралы ақпарат білім ордасының басшылығына жетпеген. Ал ата-анасы мектеп директорына өздері барған кезде әкімшілік жағдайдан бейхабар болғаны белгілі болған.
Кейін мемлекеттік медициналық мекеме мамандары баланың жағдайын «өте ауыр» деп бағалап, оны шұғыл түрде мектептен шығаруды ұсынған. Осыдан кейін ата-анасы ұлын басқа білім беру ұйымына ауыстыру туралы шешім қабылдаған.
Алайда мектептен кеткен соң да мәселе толық шешілмеген.
Анасының айтуынша, ең ауыр оқиға баланың үйден шығып кетуімен байланысты болған. Ол ата-анасына хат қалдырып, тоғызыншы қабаттан секіргісі келетінін жазған.
Айжанның сөзінше, жазбаны байқап қалған ата-анасы дереу іздеуге шығып, ұлын дер кезінде тауып үлгерген.
Оның айтуынша, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген кезде полиция инспекторы жағдайды ауыр санамаған.
Қазір жасөспірім тұрғылықты жеріндегі қарапайым мектепке ауыстырылған. Дегенмен ол әлі де психиатр бақылауында болып, дәрі-дәрмек қабылдап жүр. Анасының сөзінше, баланың психологиялық жағдайы толық қалпына келген жоқ.
Отбасы мектеп қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр. Олардың пікірінше, буллингке қатысы бар оқушылармен қатар, жағдайды елемеді деп есептелетін мектеп әкімшілігі мен мамандардың да жауапкершілігі қаралуы тиіс.
Қазіргі уақытта іс материалдары прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдардың қарауында жатыр.
Материал авторы