Ақтауда 8 жастағы ерекше бала терезеден құлап көз жұмды
Оңалту орталығында ерекше балалар қараусыз қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда сегіз жасар баланың түзету орталығының үшінші қабатындағы терезеден құлап, кейін көз жұмуы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Марқұмның туыстары оқиғаға орталық қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептеп, жауаптыларды қатаң жазалауды талап етуде. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.
Қайғылы жағдай ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған түзету орталығында болған. Туыстарының айтуынша, балалар ересектердің қарауынсыз бөлмеде жалғыз қалған.
Марқұм Нұралидің атасы Мақсат Дәулетов бұл ғимараттағы қауіпсіздік мәселелері туралы бірнеше рет ескерткенін айтты.
«Бұл ғимараттағы кемшіліктер туралы талай рет айттым. Терезелерде қорғаныш торлары болмаған. Ең бастысы, даму ерекшелігі бар балалардың не себепті үшінші қабатта болғаны түсініксіз. Кінәлі адамдар анықталып, жауап беруі керек», – деді ол.
Оқиға бақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда балалардың бірі терезені ашқан кезде бөлмеден әуе шары ұшып шыққаны көрінеді. Нұрали шарды ұстап қалмақ болып терезеге ұмтылған. Сол сәтте ол сыртқа құлап кеткен. Бала бірнеше секунд бойы терезе сыртында ілініп тұрғанымен, кейін төменге құлаған.
Оқиға кезінде бөлмеде ересек адамдар болмағаны анықталды.
Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, екі айдан кейін ол алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды.
Марқұмның жақындары қайғылы жағдайға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болғанына сенімді. Олардың айтуынша, балалар күн бойы болатын орталықта терезелер қорғалмаған және бақылау жеткіліксіз болған.
Оқиғадан кейін аталған түзету орталығының жұмысы тоқтатылды.
Маңғыстау облысындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Тлектес Болатбаеваның мәліметінше, тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
«Бұл жағдайда балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Терезелерде қорғаныш торлары болмаған. Сонымен қатар балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Бұған қоса, орталыққа пайдалануға берілген ғимарат қажетті құжаттарсыз рәсімделгені белгілі болды. Мұның бәрі күрделі сұрақтар туындатады», – деді ол.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы зерттеліп жатыр. Марқұм баланың туыстары жауапты тұлғалардың заң алдында жауап беруін талап етуде.
Материал авторы