Шамалғанда белгісіз адам әйелді арқанмен тұншықтырмақ болған (ВИДЕО)
Әйелдің көмек сұраған айқайынан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Шамалған ауылында күндізгі уақытта әйелге жасалған шабуыл жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызды. Бұл туралы «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы жазды.
Оқиға 6 маусым күні Қарасай ауданында болған. Бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрларда белгісіз ер адамның көшеде кетіп бара жатқан әйелдің мойнына арқан лақтырып, оны тұншықтырмақ болғаны көрінеді.
Алайда әйел қарсылық көрсетіп, шабуылдаушының қолынан босанып шығып, қашып құтылған. Оның көмек сұрап айқайлаған дауысын жақын маңдағы адамдар естіген. Дегенмен күдікті оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.
Жәбірленушінің туыстары шабуылдаушының әлі күнге дейін қолға түспегеніне алаңдаулы. Олардың айтуынша, көшедегі камераларға түскен жазбаларда ер адамның жүзі анық көрінеді.
Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция бұл істің тергелуі бақылауда екенін атап өтті. Ал шабуылдан аман қалған әйелдің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, онымен тиісті мамандар жұмыс жүргізуде.
Материал авторы