«Артемида-3»: Айға кімдер ұшатыны белгілі болды
NASA экипажға үш америкалық пен бір италиялықты қосты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, NASA «Артемида-3» атты Айға арналған жаңа миссияның экипаж құрамын ресми түрде жариялады. Бұл туралы NASA басылымы жазды.
Агенттік мәліметінше, Айға аттанатын төрт астронавттың қатарында үш америкалық және бір италиялық маман бар. Атап айтқанда, миссияға Андре Дуглас, Фрэнк Рубио және Рэнди Бресникпен бірге Лука Пармитано қатысады. Ресми таныстырылым 9 маусым күні Хьюстондағы Джонсон атындағы ғарыш орталығында өтті.
Бастапқы жоспар бойынша, экипаж құрамындағы еуропалық астронавттың орнын неміс ғарышкері иеленуі тиіс болған. Алайда кейін бұл шешім өзгерген. Еуропалық ғарыш агенттігі бұған дейін Ай миссиясындағы алғашқы еуропалық ретінде Германия өкілін қарастырған еді. Негізгі үміткерлер қатарында геофизик әрі вулканолог Александр Герст пен инженер, SpaceX Crew-3 миссиясына қатысқан Маттиас Маурер болған.

ESA басшысы Йозеф Ашбахердің айтуынша, таңдау NASA-ның нақты техникалық талаптарына байланысты жасалған. Оның сөзінше, америкалық тарапқа сынақ-ұшқыш қажет болған, ал Еуропалық ғарышкерлер корпусының ішінде бұл талапқа сай келетін бір ғана маман – Лука Пармитано болған.
Айта кетерлігі, «Артемида-3» миссиясының бастапқы мақсаты – Ай бетіне қону болатын. Алайда 2026 жылдың ақпанында NASA жоспарды қайта қарап, астронавтар төмен Жер орбитасында қалып, SpaceX пен Blue Origin компаниялары әзірлейтін қону модульдерімен түйісу жұмыстарын пысықтайтынын хабарлаған.
Миссияның ұшырылуы 2027 жылға жоспарланған. Ал Айға пилотталған қону 2028 жылға қарай шегерілген.
Бұған дейін «Артемида-2» миссиясы аясында NASA астронавтары Айды айналып өтіп, Жерге сәтті оралған болатын. Бұл ұшу барысында адамзат тарихында Жерден ең алыс қашықтық – 407 мың шақырым тіркелген.
Материал авторы