1697

«Маған не істеу керек?»: Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Бибісара Асаубаева спорт министрлігіне қатысты мәселелерді ашып айтты.

«Маған не істеу керек?»: Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның атақты шахматшысы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, көмек сұрады.

Шахматшының айтуынша, жақында аяқталған Norway Chess 2026 турнирінде ол мерзімінен бұрын чемпион атанған. Алайда беделді жарысқа дайындық жұмыстары жеке жүлде қорынан және ата-анасының қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Бибісараның сөзінше, турнир барысында жұмыс істеген секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысы әлі күнге дейін толық төленбеген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамын. Қазіргі таңда әйел шахматшылардың әлемдік рейтингінде бесінші орындамын. Алдымда тек Қытай спортшылары тұр. Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгінемін», – деді ол үндеуінде.

Спортшы өзін Президент бұрын «елдің алтын қоры» деп атағанын еске салып, халықаралық аренадағы жетістіктер үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін айтты.

Асаубаева соңғы жылдары Спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындағанын жеткізді. Оның мәліметінше, шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін төленетін сыйақы көлемі шамамен 2 мың доллар болса, Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар көлемінде марапат қарастырылған.

Сондай-ақ шахматшы Қазақстанда әйелдер мен ерлер арасында әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, 2023 жылдан кейін әлем чемпионатындағы екінші алтын медалінен соң министрлік желісі арқылы шамамен 1 миллион теңге жалақы алып келген. Алайда 2025 жылдан бастап бұл төлем үш есеге қысқарған.

Бибісара Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алмағанын да мәлімдеді.

Спортшы 2025 жылдың соңында блиц шахматтан үшінші рет әлем чемпионы атанып, әлемдік тәж үшін өтетін үміткерлер турниріне қатысу құқығына ие болғанын еске салды. Оның сөзінше, осы жарыс алдында бапкерімен бірге Спорт министріне кездесіп, қосымша қолдау сұраған.

Асаубаева министрдің «Sport Qory» қоры арқылы толық көмек көрсетілетініне уәде бергенін, алайда кейін қажетті қаражаттың тек бір бөлігі ғана бөлінгенін айтты. Соның салдарынан оның көмекшілері жарыс барысында қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған.

«Мен осындай деңгейдегі турнирге секунданттарын апара алмаған жалғыз шахматшы болдым. Соған қарамастан екінші орын алдым», – деді ол.

Шахматшы кейін қор арқылы тағы бір өтінім берілгенімен, оның да қабылданбағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бас тарту себептері түсіндірілмеген.

Бибісара Асаубаева сондай-ақ 2025 жылғы 30 желтоқсанда Президент жарлығымен өзіне II дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін, бірақ марапат әлі күнге дейін табысталмағанын айтты.

Шахматшының сөзінше, ол орденді алу үшін Астанаға үш рет барғанымен, әр жолы рәсім кейінге шегерілген.

Сонымен қатар спортшы сәуір мен мамыр айларында Президент атына eOtinish жүйесі арқылы үш рет хат жолдағанын, алайда әзірге жауап алмағанын жеткізді.

«Алдымда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары мен үлкен жұмыс тұр. Маған не істеу керек, құрметті Президент?» – деп аяқтады үндеуін Бибісара Асаубаева.

Материал авторы