Қызылордада аулада ұйықтап жақтан 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды
Жас жігіттің өліміне қатысты күдікті ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысында 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды. Қайғылы оқиға Жаңақорған ауданында болған.
«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, 30 мамыр күні жас жігіт үйінің ауласында матрас үстінде түнеп қалған. Алайда таңертеңнен бастап оның қайда кеткені белгісіз болған.
Жақындары дереу іздеу жұмыстарын бастап, келесі күні оның денесін су құбырына арналған құдықтан тапқан.
Марқұмның туыстары оның мойнында жіптен қалған із, ал денесінде көгерген жерлер болғанын айтқан.
«Үстінде қызыл жайма болды. Сол жаймамен тұншықтырылған сияқты. Мұны бір адамның жасауы мүмкін емес. Денесін шығарған кезде бүкіл денесіндегі көгерген іздерді көрдім. Ол өмірі үшін күрескен. Бұл іске кем дегенде екі-үш адам қатысқан деп ойлаймын. Бірақ күдікті ретінде менің 15 жастағы ұлым ұсталды», – дейді марқұмның анасы.
Туыстары жасөспірімнің жалғыз өзі 20 жастағы жігітті өлтіруі мүмкін екеніне сенбейді. Олардың пікірінше, қайғылы оқиға бұған дейін үйде болған ұрлық фактілерімен байланысты болуы ықтимал.
Қызылорда облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша 1 маусым күні қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл қылмыстық істің тергелуі ведомство басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Материал авторы