743

Алматыда сәбиімен курьер болған қызға қатысты Еңбек министрлігі пікір білдірді

Желі қолданушылары декреттегі әйелге көмек көрсету үшін 3 күн бойы іздестірген.

Алматыда сәбиімен курьер болған қызға қатысты Еңбек министрлігі пікір білдірді
threads.com/@erzhan_kalymbai

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда сәбиін қолына ұстап алып курьерлік қызмет атқарып жүрген қыз туралы оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұл жағдайға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдірді.

Threads әлеуметтік желісінде бірнеше күн бұрын кішкентай баласын көтеріп алып, жаяу тапсырыс жеткізіп жүрген қыздың суреті тараған. Көптеген қазақстандық оның жағдайына алаңдап, көмектескісі келген.

Желі қолданушылары қызды іздеп, ол туралы ақпарат білетін адамдардан хабарласуды сұраған. Алайда көп ұзамай бұл жағдайды пайдаланған алаяқтар пайда болған.

Кейбір азаматтар оларға қыздың байланыс деректері мен суреттерін жібереміз деген адамдар жазғанын айтқан. Бірақ кейін мұндай материалдардың кейбірі жасанды интеллект арқылы жасалған контент немесе басқа ресурстарға апаратын сілтеме екені анықталған.

Кейін желі қолданушыларының бірі, Алмат Несіпқалиев есімді мейрамхана қызметкері қызды көшеде кездестіргенін және оған қаржылай көмек көрсеткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, қыз тұрмыста, бала күтіміне байланысты демалыста болғанымен, отбасы жағдайына байланысты жұмыс істеуге мәжбүр.

Алайда ол қыздың жеке байланыстарын жарияламаған.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған сәбимен бірге курьер болып жүрген әйелдің суреті Үкімет отырысында да сөз болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

Брифинг кезінде журналистер Виктория Шегайдан бұл суретті көрген-көрмегенін және декреттік демалыстағы әйелдің отбасы жағдайына байланысты курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болуы қалыпты ма екенін сұрады.

Вице-министр суретке қатысты нақты пікір айта алмайтынын жеткізді.

«Бұл фотоға байланысты пікір айтуға құзыретім жетпейді. Біріншіден, оның нақты қай жерде түсірілгенін және қай қала туралы сөз болып отырғанын білмеймін. Екіншіден, егер мәселе декреттегі ананың бала күтімі кезінде не істеуі керектігі жайлы болса, бұл отбасының бюджеті мен отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа байланысты мәселе деп ойлаймын. Сондықтан бұл жағдайға өз тарапымнан түсініктеме беру дұрыс болмайды», – деді Виктория Шегай.

Журналистердің айтуынша, сурет Алматыда түсірілген. Кадр жарияланғаннан кейін мыңдаған адам оны талқылап, жас әйелді табуға тырысқан.

Вице-министр бұл сұраққа бұдан артық түсініктеме бере алмайтынын атап өтті.

«Менде қосымша айтарым жоқ. Өз құзыретім аясында сұрағыңызға жауап бердім», – деп қорытындылады Виктория Шегай.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор