«Рақмет саған, Ахмет!»: Дағыстандық донор алматылық баланың өмірін сақтап қалды
Ауыр дертті жеңген донор өз өмірін сақтаған донорымен кездесті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда сүйек кемігін ауыстыру операциясынан кейін өмірге қайта келген 7 жастағы бала үш жылдан соң өз донорымен кездесті. Ресейдің Дағыстан өңірінен келген Ахмет Абдуллаев кішкентай Абдулла Яхяровқа ауыр дертті жеңуге мүмкіндік берген.
Алматыда сүйек кемігі доноры мен науқас баланың кездесуі өтті. Бірнеше жыл бұрын баланың өмірін сақтап қалған донор Ахмет Абдуллаев 7 жастағы Абдулламен жүздесті.
Оқиға бала небәрі үш жарым жаста болған кезде басталған. Дәрігерлер оған қан жүйесіне әсер ететін аса қауіпті дерт – апластикалық анемияның өте ауыр түрі диагнозын қойған. Бұл ауру кезінде сүйек кемігі ағзаға қажетті қан жасушаларын өндіру қабілетін жоғалтады.
Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы – сүйек кемігін ауыстыру операциясы болған.
2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балаға гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жасалды. Баланың жақын туыстары арасынан сәйкес донор табылмағандықтан, мамандар халықаралық іздеу жүргізген.
Нәтижесінде Ресейдегі сүйек кемігі донорларының тіркеу жүйесінен сәйкес келетін адам табылған.
«Науқасқа «жүре пайда болған апластикалық анемия. Аса ауыр түрі» деген диагноз қойылды. Реципиент пен бауырының HLA сәйкестігі тексерілді, алайда туыстық донор табылмады. Сондықтан туыс емес донор іздеу басталып, ол Ресейден табылды. Кейін гемопоэздік дің жасушалары трансплантациясы жасалды. Қазір операциядан кейін үш жыл өтті, бала өзін жақсы сезінеді», – деді орталықтың гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бөлімінің меңгерушісі Ерғали Сәрсекбаев.
Бұл оқиғаның тағы бір ерекше тұсы – донор мен бала екі елде тұрса да, екеуінің де Дағыстанмен байланысы бар.
Бүгінде Абдулла жеті жаста. Ол бірінші сыныпты аяқтап, достарымен ойнап, қалыпты өмір сүріп жатыр.
Донорымен алғаш кездескен сәтте бала оны құшақтап, алғысын білдірді.
«Рақмет саған, Ахмет! Рақмет!» – деді Абдулла Яхяров өзінің генетикалық егізі саналатын донорына.
Ал Ахмет Абдуллаев бұл оқиғадағы басты кейіпкерлер дәрігерлер екенін атап өтті.
«Нағыз батырлар – осы кездесуге себеп болған дәрігерлер. Мен тек Жаратушының осы балаға көмектесу үшін таңдаған адамымын», – деді 30 жастағы донор.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда балаларға көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі соңғы жылдары артып келеді. 2025 жылы орталықта 2500-ден астам бала ем қабылдап, дәрігерлер 58 трансплантация жасаған. Оның ішінде 31 аллогенді гемопоэздік дің жасушалары трансплантациясы және 12 туыс емес донордан жасалған операция бар.
Дәрігерлер мұндай кездесулер сүйек кемігі донорлығының маңызын көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Ұлттық донорлар тіркелімі ауыр қан ауруларымен күресіп жатқан науқастарға өмір сүруге мүмкіндік беретін жүйені дамытуға көмектеседі.
Материал авторы