Тарихи келіссөз: АҚШ пен Иран 19 маусымда бейбіт келісімге қол қояды
АҚШ пен Иран арасындағы ұзақ уақытқа созылған шиеленісті тоқтатуға бағытталған қадам жасалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімге қол қою рәсімі 19 маусымда Швейцарияда өтеді. Бұл туралы Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді. Оның сөзін АҚШ президенті Дональд Трамп та растаған.
Пәкістан басшысы жексенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде делдал рөлін атқарып отырғанын атап өтті.
Шахбаз Шариф екі тарапты да «қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге деген ұстанымы үшін» алғыс айтып, келіссөздерге араласқан Катар, Сауд Арабиясы және Түркияға да ризашылығын білдірді.
«Келісімге қол жеткізілгеннен кейін делдалдар осы аптада бірқатар кездесу ұйымдастырады. Бұл талқылаулар келісімді іске асыру алдындағы техникалық келіссөздер мен ресми қол қою рәсіміне негіз болады», – деді Пәкістан премьері.
Трамп Ормуз бұғазындағы блокаданы тоқтататынын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бейбіт келісім жасалғанын мәлімдеп, АҚШ әскери-теңіз күштеріне Ормуз бұғазындағы блокаданы тоқтатуды тапсырғанын айтты.
Трамп өзінің Truth Social желісіндегі жазбасында бұғаз арқылы кемелердің еркін өтуіне рұқсат беретінін жеткізді.
«Мен Ормуз бұғазын кемелердің еркін өтуі үшін ашуға бұйрық бердім және АҚШ Әскери-теңіз күштерінің теңіз блокадасын дереу тоқтатуды тапсырдым», – деп жазды ол.
АҚШ вице-президенті Джеймс Ди Вэнс келісімге қол қою рәсіміне Женевада қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, кездесуге Дональд Трамптың өзі де қатысуы мүмкін.
Келісім Ливандағы жағдайға да әсер етуі мүмкін
Шахбаз Шариф АҚШ пен Иран арасындағы келісім Ливандағы жағдайды да қамтитынын айтты.
Оның мәліметінше, екі тарап барлық бағыттағы, соның ішінде Ливандағы әскери әрекеттерді дереу және түпкілікті тоқтату туралы мәлімдеген.
Ливандағы жағдай Иран үшін келісімнің маңызды бөлігі болған. Бұл ел аумағында Израиль Тегеран қолдайды деп есептейтін «Хезболла» ұйымына қарсы операциялар жүргізіп келеді.
14 маусымда Израиль Бейруттағы «Хезболла» бақылауындағы аудандарға әуе соққысын жасаған. Израиль тарапы мұны шабуылдарға жауап деп түсіндірді.
Ал Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың бұл әрекетін сынаған. АҚШ президенті шабуылдың «маңызды күнде» жасалғанын атап, оған көңілі толмағанын айтқан.
Иран келісім меморандумы туралы айтты
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади АҚШ-пен келісімге қол жеткізілгенін растады. Оның айтуынша, тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды.
Иран өкілінің сөзінше, содан кейін 60 күн ішінде түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіледі. Осы кезеңде Тегеран меморандум талаптарының орындалуын бақыламақ.
Дональд Трамп мұндай келісімге қол қою бұрын ешкімнің қолынан келмегенін айтып, оны тарихи қадам ретінде бағалады.
Материал авторы