484

Әл-Фарабидегі қайғылы апат: Zeekr жүргізушісінің қанынан алкоголь табылды

Үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сотта жаңа дерек жарияланды.

Әл-Фарабидегі қайғылы апат: Zeekr жүргізушісінің қанынан алкоголь табылды
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында айыпталушының қанынан алкоголь табылғаны туралы сараптама қорытындысы жарияланды. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

2026 жылғы 15 маусымдағы сот отырысында Zeekr көлігін басқарған 32 жастағы кәсіпкер Александр Пакқа қатысты химиялық-токсикологиялық зерттеу нәтижелері айтылды.

Сотта сараптама қорытындысы бойынша оның қанынан 1,30 промилле алкоголь анықталғаны хабарланды.

«Александр Пактың қанындағы химиялық-токсикологиялық зерттеу нәтижесінде 1,30 промилле алкоголь табылды. Бұл жеңіл дәрежедегі масаңдық белгілерін тудыруы мүмкін. Қан құрамынан есірткі заттары анықталған жоқ», — деді судья Еркін Майшинов.

Сот барысында сол күні кешке Александр Пак пен бірге болған адамдар кемінде 2,25 литр шарап, 0,9 литр виски, 0,2 литр текила және алкогольді коктейльдер ішкені айтылды.

Алайда айыпталушының адвокаты сараптама қорытындысымен келіспейтінін жеткізді. Қорғау тарапы биологиялық материалдарды сақтау кезінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін айтып, зерттеу нәтижелерінің дұрыстығына күмән келтірді.

Сот отырысында жол апатынан қаза тапқан Еламан Тлемесовтің ағасы Қанат Тлемесов те жауап берді.

Ол айыпталушыға ешқандай талабы жоқ екенін айтып, істің заң аясында шешілуін қалайтынын жеткізді.

«21 наурыз күні таңғы 7:30-да қарындасым хабарласып, Еламаның қайтыс болғанын айтты. Біз мәйітханаға барып, оны таныдық. Кейін арыз жаздық. Құжаттарын, телефонын, заттарын, сағатын алдым. Менің ешқандай талабым жоқ. Біз оны кешірдік. Енді барлығы заң бойынша шешілсін», — деді ол.

Еламан Тлемесов — жол апатында қаза болған Mercedes көлігінің жүргізушісі.

Еске салайық, Александр Пакқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша, яғни жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелгені үшін айып тағылған.

Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі және оның екі жолаушысы — 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмған.

Zeekr жүргізушісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін жағдайы тұрақталған соң тергеу изоляторына қамалған.

Материал авторы