«Қыздар.нет» ісі: Күдіктілер ұсталып, 2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс анықталды
2011 жылдан бері жұмыс істеген сайтқа қатысты жаңа дерек шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда аты дауға қалған «Қыздар.нет» интернет-ресурсының қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция жүргізілді. Тергеу аясында сайтты ұйымдастырушылар болуы мүмкін деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Бұл туралы Алматы прокуратурасы мәлімдеді.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында аталған сайттың 2011 жылдан бері ақылы интим қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру үшін пайдаланылғаны анықталған.
Құқық қорғау органдары интернет-ресурстың болжамды ұйымдастырушыларын ұстаған. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынған.
Прокуратура мәліметіне сәйкес, тінту кезінде ірі көлемдегі ақша қаражаты, цифрлық активтер, компьютерлік техника және өзге де заттай дәлелдер тәркіленген. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз табыс көлемі 2 млрд теңгеден асуы мүмкін.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іс Алматы прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.
Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігі сайттың топ-менеджерлері ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда кейін олардың ісі тоқтатылғаны белгілі болған.
2024 жылы Қазақстанда интернет арқылы интим қызмет көрсетуді ұйымдастыруға қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі көтерілді. Сол жылдың 5 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына, вандализмге және жезөкшелікке қарсы іс-қимылға қатысты заңдарға қол қойған.
Жаңа заң талаптары бойынша онлайн форматта интим қызмет ұйымдастыру қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Кейін Ішкі істер министрлігі заң нормаларын түсіндіріп, мұндай ресурстарға қатысты шаралар күшейтілетінін мәлімдеген.
Бұған дейін ІІМ экс-вице-министрі, сенатор Марат Қожаев Қазақстанда даулы сайттарды біржола бұғаттаудың неге қиын екенін түсіндірген болатын.
Материал авторы