721

2026 жылғы әлем чемпионатында күтпеген нәтижелер тіркелді

Испания құрамасы дебютант Кабо-Вердені жеңе алмады, ал қақпашысы тарихи ойынымен есте қалды.

2026 жылғы әлем чемпионатында күтпеген нәтижелер тіркелді
Jacob Kupferman, AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы турда бірқатар күтпеген нәтиже тіркелді. Испания мен Бельгия құрамалары қарсыластарын жеңе алмай, турнирді тең нәтижемен бастады.

АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатқан әлем чемпионатында G және H топтарындағы алғашқы тур ойындары аяқталды. Төрт кездесудің барлығында да жеңімпаз анықталған жоқ.

G тобында Бельгия мен Мысыр құрамалары 1:1 есебімен тең түсті. Сиэтл қаласындағы «Люмен Филд» стадионында өткен кездесуде есепті 19-минутта Мысыр құрамасының ойыншысы Эмам Ашур ашты. Ол Мохамед Салахтың нәтижелі пасынан кейін допты қақпаға бағыттады. Алайда Бельгия 66-минутта есепті теңестірді. Бұл сәтте мысырлық қорғаушы Мохамед Хани автогол авторы атанды.

Топтағы екінші ойында Иран мен Жаңа Зеландия 2:2 есебімен тең тарқасты. Кездесу Инглвуд қаласындағы «Софи Стэдиум» аренасында өтті. Жаңа зеландиялықтар Элайджа Генри Джасттың дублінің арқасында екі рет алға шықты. Ол 7-минутта және екінші таймда гол соқты. Алайда Иран құрамасы екі жағдайда да есепті теңестіре алды. Алдымен Рамин Резаян, кейін Мохаммад Мохеби мергендік танытты.

Осылайша G тобындағы төрт команда да алғашқы турдан кейін бір ұпайдан жинады. Екінші турда Иран Бельгиямен, ал Жаңа Зеландия Мысырмен кездеседі.

H тобында да екі тең нәтиже тіркелді. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Кабо-Верде құрамасы Испаниядан ұпай алды. Атланта қаласында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды.

Испания ойын бойы басымдық танытқанымен, қарсыласының қақпасынан саңылау таба алмады. Испаниялықтар 27 рет соққы жасаса, Кабо-Верде алты рет қана мүмкіндік алды. Допқа иелік ету көрсеткіші де Испания жағында болды — 62 пайыз. Алайда Кабо-Верде қақпашысы 40 жастағы Возинья жеті сейв жасап, кездесудің үздік ойыншысы атанды.

H тобындағы тағы бір матчта Сауд Арабиясы мен Уругвай 1:1 есебімен тең түсті. Саудиялықтар 41-минутта Абдулела әл-Амридің голымен есеп ашты. Бірақ 80-минутта Максимилиано Араухо Уругвайды жеңілістен құтқарды.

H тобындағы барлық команда да алғашқы турдан кейін бір ұпайға ие болды. Қосымша көрсеткіштер бойынша көш басында Уругвай тұр. Одан кейін Сауд Арабиясы, Испания және Кабо-Верде орналасқан.

Айта кетейік, турнирдің плей-офф кезеңіне әр топтан үздік екі құрама және үшінші орын алған командалар арасынан ең жақсы сегіз команда өтеді.

Материал авторы