868

Бес рет үкіметті басқарған Орбан енді Мажарстанды билей алмайды

Жаңа конституциялық түзету Виктор Орбанның тағы да үкімет басына келу мүмкіндігін тоқтатты.

Бес рет үкіметті басқарған Орбан енді Мажарстанды билей алмайды
Sean Gallup/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мажарстан парламенті премьер-министр қызметін атқару мерзімін шектейтін конституциялық түзетулерді мақұлдады. Енді бір адам үкімет басшысы лауазымын төрт жылдық екі мерзімнен артық атқара алмайды.

Жаңа ережеге сәйкес, премьер-министр қызметінде ең көп дегенде екі мерзім отыруға болады. Түзетуді парламент 15 маусымдағы отырыста қабылдады. Құжатты 134 депутат қолдап, 50 депутат қарсы дауыс берді, ал алты парламентарий қалыс қалды.

Бұл шектеу 1990 жылдан бері Мажарстан үкіметін басқарған барлық саясаткерлерге қатысты болады. Осыған байланысты бұрын бес рет премьер-министр болған Виктор Орбан енді бұл қызметке қайта орала алмайды.

Орбан Мажарстан саясатының негізгі тұлғаларының бірі саналады. Ол ел үкіметін ұзақ жылдар бойы басқарып, Еуропадағы ең танымал әрі пікірталас тудырған саясаткерлердің қатарына кірді.

Айта кетейік, бұған дейін оппозиция өкілі Петер Мадьяр Мажарстан президенті ел басшысы міндетін атқара алмады деп мәлімдеп, оны қызметінен кетуге шақырған еді.

«Шуйок мажар ұлтының бірлігін таныстыруға лайық емес. Ол заңдылықтың сақталуына жауап беретін тұлға бола алмайды», – деген болатын Мадьяр.

Еске сала кетсек, 12 сәуірде Мажарстанда парламент сайлауы өтіп, онда оппозиция көшбасшысы 45 жастағы Петер Мадьяр мен оның оңшыл-центристік «Тиса» партиясы жеңіске жеткен еді.

Материал авторы