Қырғызстандағы «75 хат» ісі: бұрынғы шенеуніктерге қатысты дау ушықты
Бұрынғы ҰҚК басшысына қатысты іс қоғам назарын аудартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, интернетте Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиевке қатысты делінетін тергеу видеосы тарады. Қазіргі уақытта оның ісі сотта қаралып жатыр. Бұл туралы 24.kg жазды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода Ташиевке ұқсайтын адамның тергеу кезінде жауап беріп отырған сәті көрінеді.
Кадрларда ол «75 хат» деп аталатын құжаттың қалай пайда болғанын түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл хатты қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер тобы әзірлеген. Сондай-ақ ел ішінде депутаттар мен танымал тұлғалар арасында қол жинау науқаны жүргені айтылады.
Видео барысында ол: «Мен де енді шара қолданамын. Мен де Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген жоқпын» деп мәлімдегені естіледі.
Ол сондай-ақ қазіргі тыныштық «жалған болуы мүмкін» екенін айтып, қажет болса өз жақтастарының жаппай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізеді. Оның сөзінше, «тіпті мың адам қамауға алынса да, тағы 9 мың адам алаңда қалады».
Бұдан бөлек, іс бойынша басқа фигуранттардың да жауаптары бар кадрлар тараған. Олардың қатарында Эмилбек Узакбаев пен Бекболот Талгарбеков те аталады. Видеоларда Қырғызстан Жогорку Кенешіне жолданған хаттың дайындалуы мен берілуі талқыланады.
Айта кету керек, бұл видеожазбалардың түпнұсқалығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Ташиев ісі туралы қысқаша мәлімет
Еске салайық, ақпан айында Камчыбек Ташиев Қырғызстан ҰҚК төрағасы қызметінен босатылған болатын. Ол бұл шешімді күтпегенін айтқан. Ал ел президенті оның мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын мәлімдеген.
Кейін депутат Эльвира Сурабалдиева сұхбатында Ташиевтің қызметтен алынуын мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру әрекетімен байланыстырған.
Одан соң Қырғызстанның бірнеше бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты іс қозғалып, айып тағылғаны хабарланды. Олардың қатарында Камчыбек Ташиев, экс-депутат Курманкул Зулушев және Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу бар.
Тергеу нұсқасына сәйкес, іс жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеттеріне қатысты ауыр баптармен қаралып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл процесс «75 ісі» деген атаумен белгілі. Ол 75 адамның қолы қойылған ашық хатқа байланысты аталған, хатта Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеу болған.
Материал авторы