694

Месси әлем чемпионатындағы бір ойында төрт тарихи жетістікке жетті

Атақты футболшы алғашқы матчта-ақ рекордтар жаңартты.

Месси әлем чемпионатындағы бір ойында төрт тарихи жетістікке жетті
REUTERS/Claudia Greco

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аргентина құрамасының капитаны әрі шабуылшысы Лионель Месси футболдан әлем чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі саналатын неміс шабуылшысы Мирослав Клозенің рекордын қайталады.

2026 жылғы әлем чемпионатын қазіргі чемпиондар Аргентина құрамасы сәтті бастады. Команда Алжир құрамасын 3:0 есебімен жеңді. Кездесудің басты кейіпкері 38 жастағы Лионель Месси болды. Ол матчтағы үш голдың барлығын соғып, әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы хет-тригін жасады.

Осы жетістігінің арқасында аргентиналық футболшы турнирдің алғашқы кезеңінде-ақ сұрмергендер тізімін бастады.

Месси бір ойында бірнеше тарихи көрсеткішке қол жеткізді.

Аргентина капитанының әлем чемпионаттарындағы гол саны 16-ға жетті. Осы арқылы ол Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозенің абсолютті рекордын қайталады.

Сонымен қатар Месси «гол+пас» жүйесі бойынша да көш бастап тұр. Оның әлем чемпионаттарындағы жалпы нәтижесі — 24 нәтижелі әрекет: 16 гол және 8 нәтижелі пас.

Аргентиналық футболшы әлем чемпионаттарында ең көп ойын өткізген ойыншы мәртебесін де сақтап қалды. Оның мундиальдағы кездесулер саны 27-ге жетті.

Бұдан бөлек, Месси әлем чемпионатына алты рет қатысқан тарихтағы алғашқы футболшы атанды. Ол бұл турнирде 2006 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

Енді Мессидің тағы бір ерекше жетістігін оның басты қарсыласы Криштиану Роналду қайталауы мүмкін.

Португалия құрамасы турнирдегі алғашқы ойынын Колумбияға қарсы өткізеді. Кездесу 17 маусым күні Астана уақытымен 22:00-де басталады.

Материал авторы