Қызылордада 18 жастағы аттракцион операторы екі аяғынан айырылды
Аттракциондағы апаттан кейін жас жігіттің жағдайы тұрақсыз.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордадағы саябақта болған төтенше жағдайдан кейін 18 жастағы аттракцион операторы екі аяғынан айырылды. Жас жігіттің жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы KTK арнасы жеткізді.
Оқиға кешкі уақытта қалалық «Арай» саябағында болған. Куәгерлердің айтуынша, аттракцион механизмі жұмыс істеп тұрған кезде жігіттің аяғы құрылғының арасына қысылып қалған.
Зардап шеккен жас жігіт саябақтағы аттракцион операторы болып жұмыс істеген. Құрылғы рельстер бойымен қозғалатын арбалардан тұрып, кейін айналмалы қозғалысқа түсетін механизм ретінде сипатталады.
Оқиғадан кейін жігіт жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, шұғыл операция жасалған. Дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты екі аяғын да кесуге мәжбүр болған. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақсыз деп бағаланып отыр.
Оқиғадан кейін саябақтағы аттракциондардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Мамандар қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Қызылорда облысы ПД анықтау басқармасының бастығы Әділ Анарбаев.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
Материал авторы