452

Ішкі істер министрі Тоқаевқа елімізде қылмыс азайғанын айтты

Ержан Сәденовтің айтуынша, қылмыс деңгейі 9 пайызға төмендеген.

Ішкі істер министрі Тоқаевқа елімізде қылмыс азайғанын айтты
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі құқық қорғау саласындағы ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.

Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында тіркелген қылмыс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға азайған. Ресми дерек қылмыстық жағдайдың біртіндеп тұрақталып келе жатқанын көрсетеді.

Ведомство өкілдері негізгі қылмыс түрлері бойынша да төмендеу тіркелгенін, ал қылмысты ашу көрсеткіші артқанын атап өтті. Сонымен қатар профилактикалық шаралар мен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны айтылды.

Министрлік «жазаның бұлтартпау қағидатын» іске асыруға басымдық беріп отыр. Есепті кезеңде бұрын жасалған 1685 қылмыс ашылған.

Сондай-ақ іздеуде жүрген 574 қылмыскер ұсталған, олардың 89-ы шетел аумағында табылған.

Ержан Сәденовтің айтуынша, киберқылмыс, есірткі айналымы, ұйымдасқан қылмыс және экстремизмге қарсы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық топтардың әрекеттерін тоқтату, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және халықаралық әріптестікті күшейту шаралары да қатар жүзеге асуда.

Кездесу қорытындысында Президент елдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты әрі тиімді іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Материал авторы