Депутат TikTok, YouTube пен Instagram-дағы контенттерге шектеу қоюды ұсынды

Депутат жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетке тәуелділігі күрт артатынын атап айтты.

Депутат TikTok, YouTube пен Instagram-дағы контенттерге шектеу қоюды ұсынды
vecteezy.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілісте депутат Данабек Исабеков қазақ тіліндегі сапалы контент тапшылығы мәселесін көтеріп, TikTok, YouTube және Instagram платформаларындағы зиянды ақпаратты шектеу қажеттігін ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ең өзекті проблемалардың бірі – қазақ тіліндегі сапалы әрі танымдық контенттің аздығы. Ол бұл жағдайды тек мәдени мәселе емес, ақпараттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты мәселе ретінде бағалады.

Исабеков әлеуметтік желілердің ықпалына ерекше тоқталды.

Оның пікірінше, TikTok қазір балалардың санасына мектепке дейін-ақ әсер етіп жатыр. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетте отыру уақыты бірнеше есе артады. Соның салдарынан олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға және реттелмеген контентке тәуелді болып, алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түседі.

Депутат мұны әлеуметтік әрі психологиялық тұрғыдан қауіпті құбылыс деп атады.

Исабековтің айтуынша, балаларға арналған қазақ тіліндегі контент, танымдық платформалар, анимациялар мен ғылыми-ағартушылық жобалар жаһандық платформалардағы ақпарат тасқынымен бәсекеге түсе алмай отыр.

Соның салдарынан ұлттық мәдени код әлсіреп, ақпараттық кеңістікте шетелдік ықпал күшейіп келеді. Депутат қазіргі цифрлық дәуірде мемлекеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын атап өтті.

Мәжіліс депутаты Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Германия және Түркия тәжірибесін мысалға келтіріп, бұл елдер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның маңызды алаңы ретінде қарастыратынын айтты.

Исабеков бірқатар нақты ұсыныс енгізді:

Балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі нақты мемлекеттік стратегия қабылдауды;  

Жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейтуді;  

TikTok, YouTube, Instagram және өзге де цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша құқықтық және техникалық тетіктерді жетілдіруді;  

Қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынамын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор