БҚО-да әкім қызметтік көлікпен мас күйінде ұсталды
Әдеп кеңесі әкімді жұмыстан босатуды ұсынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунік қызметтік көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жұмыстан босатылуы мүмкін. Бұл туралы «Мой город» басылымы жазды.
БҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы 17 маусымда өтті. Жиында ауыл әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралған.
Департамент басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың айтуынша, оқиға биыл 12 наурызда болған. Полиция қызметкерлері жұмыс уақытында қызметтік автокөлік тізгіндеген Биболат Зинуллинді тоқтатқан. Тексеру барысында оның көлікті мас күйінде басқарғаны анықталған.
Әкімшілік хаттама шенеунік өзі басқаратын Чапаев ауылдық округінде толтырылған.
«Біз сот шешімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарын тұрақты түрде бақылап отырамыз. Бұл жағдай әкімшілік құқықбұзушылықтар базасынан белгілі болды. Бірінші сатыдағы сот оның пайдасына шешім шығарып, ақтаған. Алайда апелляциялық инстанция бұл шешімді қайта қарады», – деді Дәурен Хаиров.
Әдеп жөніндегі кеңес отырыс қорытындысы бойынша әкімді қызметінен босату туралы ұсыныс берді.
Сонымен қатар Биболат Зинуллиннің бұған дейін де тәртіптік жаза алғаны белгілі болды. Ол қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы ескерту алған.
Бұған дейін, өткен жылдың қазан айында, Әдеп жөніндегі кеңес әкімге қатысты тағы бір мәселені қараған. Ол кезде аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аудару жағдайы талқыланған.
Енді әкімнің тағдырына қатысты соңғы шешімді уәкілетті органдар қабылдайды.
Материал авторы