Трамптың ауқымды жобасы дауға қалды
Ақ үйдегі жаңғырту жұмыстарының нақты құны жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен Ақ үй аумағында салынып жатқан үлкен бал залы жобасының құны бастапқы есептен бірнеше есе өсіп, 600 млн долларға жеткен.
Жоба Трамптың пікірінше, Ақ үйді жаңғырту бағытындағы негізгі өзгерістердің бірі саналады. Алайда құрылыс шығыны бастапқы жоспардан айтарлықтай асып кеткен.
The Washington Post жариялаған мәліметке сәйкес, биыл наурыз айында нысан құрылысына кететін шығын 600 млн долларға жеткен.
Бастапқыда жоба құны 200 млн доллар деп бағаланған. Кейін Дональд Трамп бұл сома шамамен 400 млн долларға дейін өскенін айтып, жобаның «екі есе үлкейгенін» және «әлдеқайда жақсы болғанын» түсіндірген.
Алайда бас мердігер Clark Construction құжаттарына сүйенген The Washington Post дерегінше, нақты құны 600 млн доллар болған.
Оның ішінде шамамен 293 млн долларды жеке қаражат есебінен тарту жоспарланған. Ал қалған 307 млн доллар бюджет қаржыландырылатын құрылымдар арқылы бөлінуі мүмкін.
Бұған дейін Трамп бұл құрылысты «салық төлеушілердің ақшасы жұмсалмайды» деп мәлімдеген еді. Бірақ басылым мәліметінше, бұл мәлімдеме жасалған кезде федералдық билік мердігерге мемлекеттік қаражат есебінен ондаған миллион доллар төлем жасауға келісім берген.
Ақ үй өкілдері журналистердің жоба құны туралы сұрақтарына нақты жауап бермеген. Әкімшілік өкілі құрылыс құны шамамен 400 млн доллар екенін айтып, оны Трамп пен «жомарт америкалық патриоттар» қаржыландыратынын мәлімдеген.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айында Вашингтонда Ақ үйдің шығыс қанатын жаңғырту жұмыстары басталғаны белгілі болған. Дональд Трамп дәл осы аумақта үлкен бал залын салу жоспарланғанын айтқан.
Материал авторы