802

Әлемнің ең бай адамдары бір күнде 336 млрд долларға байыды

Илон Масктың байлығы күрт артып, миллиардерлер рейтингіндегі көшбасшылығын нығайтты.

Әлемнің ең бай адамдары бір күнде 336 млрд долларға байыды
REUTERS/Gonzalo Fuentes

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әлемдегі ең ауқатты 500 адамның жалпы капиталы бір тәуліктің ішінде 336 миллиард долларға артты. Бұл Bloomberg Billionaires Index тарихындағы ең ірі бір күндік өсім ретінде тіркелді.

Bloomberg мәліметінше, әлемдегі ең бай адамдардың жиынтық байлығы 13,3 триллион долларға жетті. Бір күндегі рекордтық өсімнің негізгі бөлігі технология саласының өкілдеріне тиесілі болды.

Ең көп пайда тапқандардың қатарында Илон Маск көш бастады. Оның байлығы бір күнде 164 миллиард долларға көбейіп, қалған 499 миллиардердің жиынтық өсіміне жуық көрсеткішке жетті. Осы нәтижеден кейін Маск әлемдегі ең бай адам мәртебесін сақтап қалды.

Бұған дейін кәсіпкер тарихта алғаш рет жеке капиталы 1 триллион доллардан асқан адам атанған еді. Оның байлығының өсуіне өзі негізін қалаған SpaceX компаниясының акциялары саудаға шыққаннан кейінгі нарықтағы өсім әсер еткен.

Технология саласының өзге алпауыттары да капиталын айтарлықтай арттырды. Марк Цукерберг байлығына 9,16 миллиард доллар қоссa, Ларри Эллисон капиталы 8,92 миллиард долларға өскен. Ал Ларри Пейдж бен Сергей Брин тиісінше 7,61 және 7,01 миллиард доллар пайда көрді. Джефф Безос байлығы тағы 6,96 миллиард долларға артқан.

Қазіргі уақытта Bloomberg рейтингінде екінші орында Ларри Пейдж тұр. Оның активтері 314 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Одан кейін Сергей Брин (292 миллиард доллар), Джефф Безос (267 миллиард доллар) және Ларри Эллисон (247 миллиард доллар) орналасқан.

Байлықтың рекордтық өсімі тек рейтингтің алғашқы қатарларындағы адамдарға ғана қатысты болған жоқ. Bloomberg дерегіне сәйкес, тізімнің соңындағы 12 миллиардердің әрқайсысының капиталы да тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, кемінде 7,9 миллиард долларды құрады.

Bloomberg Billionaires Index 2012 жылдан бері әлемдегі ең бай 500 адамның қаржылық жағдайын бақылап келеді. 15 маусымдағы көрсеткіш осы индекстің тарихындағы бір күндік ең ірі өсім ретінде тіркелді. 

Материал авторы