АҚШ пен Иран соғысты тоқтатуға келісті
Трамп пен Пезешкиан бейбітшілік туралы алдын ала құжатқа қол қойды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Иран алдын ала бейбіт келісім жасасқанын растады. Құжатта 60 күндік мерзімге әскери іс-қимылды тоқтату, Тегеранға салынған санкцияларды алып тастау және Иранды қалпына келтіруге арналған қор құру қарастырылған.
Келісімге АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан қол қойған. Трамп құжатқа Франция президенті Эммануэль Макронмен Версаль сарайындағы кездесуден кейін қол қойғанын мәлімдеді.
«Оған қол қойылды. Версальда қол қойылды. Мен енді ғана қол қойдым», – деді Трамп.
Сонымен қатар АҚШ президенті Иран өз міндеттемелерін орындамаса, әскери шабуылдарды қайта бастау қаупін тағы да атап өтті.
Ақ үй келісімге қол қою рәсімінен бейнематериал жариялады. Меморандум барлық майдандардағы, оның ішінде Ливандағы әскери әрекеттерді тоқтатуды көздейді.
АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс 28 ақпанда басталған. Негізгі шайқастар Иран аумағында және Ливанда болған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге және Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына шабуыл жасаған.
Қақтығыс әлемдік энергетика нарығына да әсер етті. Иран Ормуз бұғазын іс жүзінде жауып, мұнай тасымалына қауіп төндіргеннен кейін жаһандық энергетикалық дағдарыс қаупі күшейген.
17 маусымда АҚШ әкімшілігінің өкілдері «Үлкен жетілік» саммиті аясында журналистерге 14 тармақтан тұратын меморандум мәтінін таныстырды. Құжат сәуірде жарияланған атысты тоқтату режимін тағы 60 күнге ұзартуды көздейді. Осы уақыт ішінде тараптар толыққанды бейбіт келісімге келуге тиіс.
Алайда АҚШ тарапы бұл құжаттың әзірге тек меморандум екенін атап өтті. Вашингтон мәлімдеуінше, оның шарттары Иран өз міндеттемелерін орындайтын жағдайда ғана күшіне енеді.
Материал авторы