«Өзін бәрінен жоғары санады»: Қырғызстанда Қытай азаматы аудармашы қыздың бетіне түкірген
Жәбірленушінің денесінен жеңіл жарақат белгілері анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда аудармашы қызға шабуыл жасады деген күдікпен Қытай азаматы ұсталды. Оқиға әлеуметтік желіде қыздың өзі жағдайды жариялағаннан кейін қоғам талқысына түскен. Бұл туралы «NewTimes.kz» агенттігі жазды.
27 жастағы қырғызстандық әйел Threads желісінде болған жағдайды баяндаған. Оның айтуынша, жанжал шабуылдан әлдеқайда бұрын басталған.
Ол құрылыс нысандарының бірінде аудармашы болып жұмыс істейтінін және сол жерде Қытай азаматы еңбек еткенін айтқан. Әйелдің сөзінше, ер адам алғашынан оған орынсыз көңіл білдіріп, араласуға мәжбүрлеген. Бірнеше рет бас тартқаннан кейін оның мінез-құлқы өзгеріп, агрессия таныта бастаған.
«Ол мені қорлайтын, дауысын көтеретін. Осы нысанға ақша жұмсайтынын айтып, өзін қалағанынша ұстауға құқылы екенін білдірді», — деген ол.
Жәбірленушінің айтуынша, шабуылдан бір апта бұрын олардың арасында тағы бір жанжал болған. Оған себеп — әйел құрылыс аумағында тамақ беріп жүрген қаңғыбас ит болған. Ер адам оған ашуланып, итке тамақ бермеуді талап еткен.
Оқиға болған күні әйел полиция шақырып, медициналық көмекке жүгінген. Сот-медициналық сараптама оның денесінде көгеру мен жарақаттар бар екенін анықтаған.
Алғашында оған ер адамның әрекеті ауыр зиян келтірмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікпен шектелуі мүмкін екені айтылған. Кейін қайта тексеруден соң сарапшылар жарақаттарды жеңіл зиян ретінде бағалап, қылмыстық іс қозғалған.
Күдікті екі тәулікке қамауға алынған. Іс кейін сотқа жіберіледі.
Бұл жағдай Қырғызстан қоғамында үлкен пікірталас туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны толық әрі әділ тергеуді және заң аясында шешім қабылдауды талап етті.
Материал авторы