Астанада бес баланы ұрды деген жасөспірімдерге қатысты іс қозғалды
Ата-аналардың айтуынша, бірнеше жасөспірім бес баланы қоршап алып ұрған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушілердің ата-аналары бес баланың соққыға жығылғанын айтып отыр.
Оқиға елорданың ескі қала аумағында 10-11 маусым күндері болған. Полиция жасөспірімдер арасындағы жанжалдың мән-жайын анықтап жатыр.
Балалардың ата-аналарының айтуынша, бірнеше жасөспірім бес баланы кезекпен ұрған. Оларда оқиғаның бір бөлігін түсірген видео бар екені айтылған.
Сондай-ақ ата-аналар шабуыл кезінде кастетке ұқсас зат қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған.
Жәбірленушілердің дене жарақаттары тіркеліп, ата-аналар құқық қорғау органдарына арыз берген.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасының мәліметінше, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталған. Олар бұрыннан таныс болған және полиция бөліміне жеткізілген.
«Дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады полиция.
Материал авторы