521

«Жалғызбасты ана емес»: Министр сәбилі курьер әйелге қатысты мәлімдеме жасады

Вице-министр нақты дерек болмағандықтан ресми баға беруден бас тартты.

«Жалғызбасты ана емес»: Министр сәбилі курьер әйелге қатысты мәлімдеме жасады
threads.com/@erzhan_kalymbai

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, сәбиін арқалап, курьер болып жұмыс істеп жүрген әйелдің суреті әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қоғамда үлкен талқылау туындады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, әйелдің жалғызбасты ана емес екенін айтты.

Министрдің сөзінше, жүргізілген тексеру нәтижесінде келіншектің жұбайы бар екені анықталған. Ерлі-зайыптылар Шымкенттен Алматыға көшіп барған.

«Біз ол отбасыны зерттеп шықтық. Баланың әкесінің IT саласы бойынша жоғары білімі бар, ал анасы техникалық мамандықта оқыған. 19 мамырда Алматыға келген, сол жерде өз бетімен жұмыс іздеген. Дегенмен біз мұндай жағдайда жастардың алдымен мансап орталықтарына жүгінгенін құп көреміз, ол жерде жұмыс ұсынылады», – деді министр.

Сонымен қатар, министрлік баламен бірге жұмысқа қабылдаған курьерлік қызметпен де байланысқа шыққан.

«Оны баласымен бірге жұмысқа қалай шығарғаны бізді алаңдатады. Олар бізге уақыт сұрады, келесі аптада қайта сөйлесеміз. Бұл жерде нақты тәртіп болуы тиіс», – деді Ертаев.

Бұл жағдай Үкімет деңгейіне дейін көтерілді. Журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдан пікір сұрағанымен, ол нақты деректер жеткіліксіз екенін айтып, ресми баға беруден бас тартты.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар тек әлеуметтік емес, отбасының ішкі қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл пікір желі қолданушылары арасында қызу реакция тудырды.

Қазір әлеуметтік желіде көптеген азаматтар жас анаға көмектесуге дайын екенін білдіруде. Сонымен бірге, Алмат Несіпқалиев қоғамнан жиналатын көмектің тек тексерілген ақпарат негізінде жасалуы керектігін ескертті.

«Егер шынымен қоғам болып қолдау көрсеткіміз келсе, оны бірлік, жауапкершілік және адамгершілік қағидаттарына сүйеніп жасауымыз керек», – деді ол.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор