Атырау экологиялық апат аймағы бола ма – министрлік пікір білдірді
Экология министрлігі өтемақы төлеу шарттарын түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Сенат кулуарында Атырау тұрғындарына экологиялық жағдайға байланысты өтемақы төлеу мәселесіне қатысты түсінік берді. Бұл туралы «NUR.KZ» басылымы жазды.
Вице-министрдің айтуынша, бұл тақырып қоғам өкілдері мен өңір экологтары тарапынан ара-тұра көтеріліп жүр.
«Экологиялық кодекске сәйкес, қандай да бір өңірді немесе елді мекенді экологиялық апат аймағы деп тану бастамасын жергілікті әкімдіктер көтереді. Бүгінгі күнге дейін Атырау облысы немесе Атырау қаласы тарапынан министрлікке мұндай ұсыныс түскен жоқ», – деді Жомарт Әлиев.
Оның айтуынша, өтемақы төлеу тек өңір ресми түрде экологиялық апат аймағы деп танылған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Ал мұндай мәртебе берілмегендіктен, қазіргі уақытта ешқандай төлем қарастырылмаған.
Материал авторы