Сәрсемәлиевтің соты: марқұмдардың туыстары 70 млн теңге талап етті
Сұлтан Сәрсемәлиев өтемақы төлеуге дайын екенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотта жәбірленуші тарап моральдық шығын үшін 70 млн теңге өндіріп беруді сұрады. Бұл туралы «Kazinform» агенттігі жазды.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің туған әпкесі Әдемі Шылмағанбетова сотқа тиісті талап арыз берген. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасы мүшелері ауыр психологиялық жағдайға түсіп, денсаулықтары да нашарлаған. Сонымен қатар жерлеу және еске алу рәсімдеріне қомақты қаражат жұмсалған.
Ал Нәсіп Өтешқалиеваның туыстары сотқа материалдық немесе моральдық шығынды өтеу туралы талап қоймаған.
Іс бойынша үшінші жәбірленуші тарап – Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті. Ведомство мәліметінше, мемлекетке келген шығын көлемі 776 мың теңгеден асады. Бұл сома марқұмдарға төленген зейнетақы мен мүгедектік бойынша жәрдемақыларға байланысты есептелген.
Сот отырысында Сұлтан Сәрсемәлиев моральдық өтемақы төлеуден және шығынды өтеуден бас тартпайтынын айтты. Алайда қазір оның жылжымайтын мүлкі жоқ екенін және қаржылық жағдайы қиын екенін жеткізді.
Процесте сот-медициналық сарапшы Сержан Сейдешов марқұмдардың денесінен табылған жарақаттар туралы түсініктеме берді. Оның айтуынша, Наурыз Мұқанғалиевтің сүйегіндегі өзгерістер қайтыс болғаннан кейінгі табиғи процестерге байланысты болған.
Сарапшы Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева және Мейрамгүл Қарабалинаға келтірілген жарақаттардың кейбірінің тереңдігі 18 сантиметрге жеткенін айтты. Бұл қолданылған пышақ жүзінің ұзындығы кемінде 18 сантиметр болғанын көрсетеді.
Сараптама кезінде Мейрамгүл Қарабалинаның денесінде 32 жарақат анықталған. Алайда маман бұл нақты 32 рет пышақ сұғылды дегенді білдірмейтінін түсіндірді. Сарапшының пайымынша, оған шамамен 27 соққы жасалған болуы мүмкін.
Сәрсемәлиев сотта Наурыз Мұқанғалиевті өзін қорғау кезінде өлтіргенін, ал қалған үш адамды қасақана өлтіргенін тағы айтты. Ол марқұмдардың туыстарынан адвокаттың сұрағынан кейін ғана кешірім сұраған.
Айыпталушының сөзінше, ол отбасындағы жағдай туралы ешкімге айтпаған. Сондықтан оның нұсқасын растайтын куәгерлер болмаған, тек жақын туыстары ғана бұл жағдайдан хабардар болған.
Сот барысында Сәрсемәлиевтің үш ұялы телефон қолданғаны да белгілі болды. Ол отырыста Наурыз Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиеваның WhatsApp арқылы жазысқан хабарламаларын көрсетуге тырысқанымен, қосымшаны аша алмаған.
Еске сала кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиевке Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру»), сондай-ақ банк карталарын ұрлау және мал сату бойынша айыптар тағылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылдың мамырында ол Атырауда жалдамалы үйде Наурыз Мұқанғалиевті өлтіріп, денесін үй маңына көмген. Сол жылдың қарашасында Жангелдин ауылында қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, кейін Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірді деген күдікке ілінген.
Материал авторы