774

«Келісімді бұзсаңдар, жауап қатты болады»: Иран АҚШ-қа ескерту жасады

Тегеран Вашингтонға ашық ескерту жолдады.

«Келісімді бұзсаңдар, жауап қатты болады»: Иран АҚШ-қа ескерту жасады
Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран парламентінің спикері Мұхаммад Багер Ғалибаф Иран мен АҚШ арасындағы меморандумға қатысты мәлімдеме жасап, келісім талаптары орындалмаса, Тегеран қатаң жауап беретінін айтты.

Ғалибаф бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның сөзінше, Иран Жоғарғы көшбасшының тапсырмасына сәйкес келісімнің барлық талаптары мен тармақтарының орындалуын бақылауды жалғастырады.

Парламент басшысы егер қарсы тарап уағдаластықтарды бұзса немесе шамадан тыс талаптар қойса, Иран оған жауап беретінін мәлімдеді.

«Бір кездері соғыс кезінде олар соққы алды. Егер сол жолға қайта түсуді қаласа, бұдан да ауыр жауап алады», – деді Ғалибаф.

Бұған дейін АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға электронды түрде қол қойғаны хабарланған. Женевада жоспарланған ресми қол қою рәсімі өтпейтін болды.

Кейін АҚШ Иранмен қол жеткізілген меморандум мәтінін жариялады.

Сондай-ақ АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен келісімге қол қою және келіссөздер өткізу үшін Швейцарияға жоспарланған сапарын тоқтатқаны белгілі болды.

Бұған дейін Вэнс америкалық делегацияны келіссөздерде өзі басқаратынын айтқан еді. Алайда сапардың өтуі Иран тарапының ұстанымына және Тегеран өкілдерінің келіссөзге келуіне байланысты екенін жеткізген.

Материал авторы