1659

Ауғанстанда шенеуніктерге смартфон қолдануға тыйым салынды

Тәліп билігі мемлекеттік қызметкерлерді қатаң бақылауға алмақ.

Ауғанстанда шенеуніктерге смартфон қолдануға тыйым салынды
AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының әскери соты мемлекеттік қызметкерлерге смартфон қолдануға тыйым салатын жаңа талап енгізді. Ереже жұмыс уақытында ғана емес, үй жағдайында да қолданылады.

Талибан қозғалысы өкілдері жаңа тәртіпті елдегі сегіз өңірлік әскери сотқа жолдаған. Құжатта талаптардың орындалуын жергілікті деңгейде қамтамасыз ету тапсырылған.

Жаңа ережеге сәйкес, талапты бұзған қызметкерлердің смартфондары тәркіленіп, жойылуы мүмкін. Сондай-ақ телефон қолданған адамдарға жаза тағайындалады. Ерекше жағдайларда ғана қозғалыс жетекшісі Хайбатулла Ахундзаденің жазбаша рұқсатымен смартфон пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Әлеуметтік желілерде бұйрық мәтінін оқып тұрған қозғалыс өкілі түсірілген видео тараған. Кадрларда оның жанында тұрған адам смартфондарды әдейі сындырып жатқанын көруге болады.

Шектеу қозғалыс әкімшілігінен жалақы алатын барлық қызметкерлерге қатысты.

Бұған дейінгі ақпараттарға сәйкес, елдің кейбір аймақтарында бұл талап тек мемлекеттік қызметкерлермен шектелмей, әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, студенттерге және басқа да азаматтарға қатысты енгізіле бастаған.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар биліктің қоғам реакциясын тексеру амалы болуы мүмкін. Кейбір дереккөздер Ауғанстанда смартфон қолдануға қатысты бұдан да кең ауқымды тыйым енгізілуі ықтимал екенін жоққа шығармайды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор