1926

Хайуанаттар бағында ер адам 3 жасар баланы қолтырауындарға лақтырып жіберді

Полиция күдіктіні қасақана адам өлтіруге оқталды деген күдікпен ұстады.

Хайуанаттар бағында ер адам 3 жасар баланы қолтырауындарға лақтырып жіберді
Johnsons of Old Hurst

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Англияның Кембриджшир графтығында ер адам үш жастағы баланы қолтырауындар орналасқан қоршауға тастаған. Бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы The Standard басылымы жазды.

Оқиға 18 маусым күні Хантингдоншир аймағындағы Johnson's of Old Hurst демалыс кешенінде болған.

Полицияға хайуанаттар бағындағы қолтырауындар қоршауында баланың бар екені туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен қызметкерлер баланы алып шығып, шұғыл түрде Кембридждегі Адденбрук ауруханасына жеткізген.

Дәрігерлер үш жастағы баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Алайда медицина мамандары оның жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

«Бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі жағдайы ауыр, бірақ тұрақты», – деді полиция өкілі.

Құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты 30 жастағы ер адамды ұстаған. Ол қасақана адам өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген.

«Норфолк тұрғыны болып табылатын 30 жастағы ер адам қамауға алынды», – деп мәлімдеді полиция.

Тергеу барысында полиция баланың күдіктімен таныс болмағанын анықтағанын айтты.

«Қазір біз сол уақытта хайуанаттар бағында болған адамдардан жауап алып жатырмыз. Оқиғаның нақты қалай болғанын анықтап жатырмыз. Ұсталған ер адам мен баланың бір-бірін танитынына қатысты ақпарат жоқ», – деді детектив-инспектор Верити Маккан.

Полиция баланың отбасысына арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады.

Жергілікті депутат Бен Обезе-Джекти де жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Ол құқық қорғау органдарымен байланыста екенін айтып, тұрғындарды тергеуге кедергі келтіретін болжамдар таратпауға шақырды.

«Бұл қазір белсенді жүріп жатқан қылмыстық тергеу. Адамдарды интернетте түрлі болжам таратпауға шақырамын», – деді депутат.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор