«Ішінде қыз ұйықтап жатқан»: Белгісіз адам көлікке от қойып, дүкен мен киіз үйді де өртке орады
Қаскөйдің көлікке қойған оты жақын маңдағы нысандарға тараған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда белгісіз адам көлікті әдейі өртеп, соңы үлкен қауіпке ұласқан. Жалын Kia K5 автокөлігінен жақын тұрған киіз үйге және дүкен ғимаратына тараған. Бұл туралы Halyqstan Telegram арнасы жазды.
Оқиға таңғы уақытта Сұрыптау шағынауданындағы Мануильский көшесінде болған. Бейнебақылау камерасына капюшон киген адамның дүкен маңында тұрған Kia K5 көлігіне жақындағаны түсіп қалған.
Кадрларда ер адамның көлікке жанғыш сұйықтық құйып, оны өртеп жібергені және кейін оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді.
Өрт бірнеше минут ішінде күшейіп, алдымен автокөлікті, кейін оның жанында тұрған каркасты киіз үйді шарпыған. Артынша жалын азық-түлік дүкенінің шатырына жеткен.
Өрт басталған кезде киіз үй ішінде дүкен иесінің қызы ұйықтап жатқан. Қыз түтін иісі мен шудан оянып, сыртқа шығып үлгерген.
Оқиға орнындағы жағдайдан кейін оның қатты күйзеліске түскені байқалған.
Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті өрттің жалпы аумағы 70 шаршы метр болғанын хабарлады.
ТЖД мәліметінше, жалын Kia K5 көлігінің жанғыш бөліктерінен басталып, жақын тұрған киіз үйге және дүкеннің ағаш құрылымдарына тараған.
Құтқарушылар дүкен ішінен үш газ баллонын шұғыл алып шыққан. Мамандардың жедел әрекеті ықтимал жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берген.
Қазіргі уақытта төтенше жағдай мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жиналған материалдар полицияға жолданып, қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралады.
Құқық қорғау органдары көлікті өртеген адамның жеке басын және оның әрекетіне не себеп болғанын анықтап жатыр.
Материал авторы