«Атырау хакер» Түркиядан елге әкелінді
Әлеуметтік желіде танылған «хакер» 3 миллион теңгелік алаяқтық күдігімен ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияда ұсталған, халықаралық іздеуде жүрген атыраулық азамат Қазақстанға қайтарылды. Оған бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдік келтіріліп отыр. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Түркияның Самсун қаласында Ұлттық орталық Интерпол бюросының сұрауы бойынша ұсталған.
Оны елге қайтару процесіне Қазақстан ІІМ-нің Түркиядағы өкілі мен Қазақстанның елшілігі атсалысқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында күдікті ақпараттық жүйелер мен Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтын пайдаланып, екі Атырау тұрғынын алдаған.
Оның әрекеті салдарынан келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асқан.
Қазақстанға жеткізілгеннен кейін ер адам ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ шетелде жасырынып жүрген қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған тұлғаларды анықтау және ұстау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Күдікті бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалып кеткен отбасыға қатысты оқиғадан кейін көпшілікке танылған еді.
Сол кезде ол Instagram желісінде өзін «Атыраулық хакер» деп атап, істі өз бетінше зерттеп жүргенін мәлімдеген. Жарияланымдарында түрлі геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да мәліметтерді көрсеткен.
Бұл видеолар әлеуметтік желілерде тез тарап, қоғамда үлкен пікірталас тудырған.
Кейін азамат Қазақстаннан тыс жерде жүргенін айтып, тіпті Дубайда тұратынын мәлімдеген болатын.
Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты 2026 жылдың қаңтарында күдіктіге қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ал ақпанда ол Түркияның Самсун қаласында ұсталды.
Материал авторы